Өзен суы жайылатын жерлерге үй салынбауы қажет – депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзен суы жайылатын жерлерге үй салынбауы қажет – депутат

14.04.2024

Өзендердің жайылмасына тұрғын үй салынбауы керек. Бөгеттерді заңдастыру мәселесі де шешілмеген. Батыс Қазақстан облысына барған Мәжіліс депутаттары жаңа Су кодексіне осы бағытта өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Аймақта Жайық өзенінің жағалауын 84 елдімекен жағалай қоныстанған. Онда 126 мың адам тұрады. Төрт аудан мен Орал қаласына тасқын судан қауіп төніп тұр. Қазір Жайық өзенінің деңгейі 758 см-ге жетті. Шекті деңгейге бір метрдей қалды. Ресейден келетін нөпір су қаланың еңісте орналасқан алты аумағын шайып кетуі ықтимал деген болжам бар. Қазір өңірде ұзындығы 60 шақырым болатын уақытша бөгет салынуда. Бұл іске жасы да, жасамысы да атсалысып жатыр.

Айзере Қазихан, оқушы:

Менің әкем вахтада болғасын, біз осында бәріміз мамаммен, ініммен, сіңліммен көмектесуге келдік. Өйткені біздің қаламызды су басайын деп жатыр. Жақын жерде тұрамыз.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Табиғи судың жайылатын жеріне елді мекен салынбау керек. Табиғи өзінің арнасына келе жатқан суға тосқауыл қоймау керек. Екіншіден, қолдан жасалған бөгеттер үлкен проблема болды Құлсарыда. Сондай су ресурстарының кадастры болуы керек. Ол жерде салынатын құрылымдар, бөгеттер заңдастырылуы керек.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу