Батыс Қазақстан облысында жағалаудағы бөгеттерді биіктетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында жағалаудағы бөгеттерді биіктетіп жатыр

11.04.2024

Жайықтан қауіп сейілмей тұр. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында жағалаудағы бөгеттерді биіктетуге күш салып жатыр. Бұл іске, тіпті 600 шақырым жердегі шалғай ауданнан волонтерлер келіп жатыр. Қарапайым тұрғындар, студенттер, әскерилер, құтқарушылар күн-түн демей білек сыбана жұмысқа кірісті. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тасқында бел жазбай жұмыс істеген белсенді жандармен тілдесті.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Жайықтың жайылмасында орналасқан саяжайларға су жайылды. Қазір біз «Нұрлы жол» бау-бақша серіктестігінде тұрмыз. Мұнда жарық пен газ ажыратылды. Тұрғындар алдын ала эвакуацияланды. Мінекей, көріп тұрғаныңыздай, тек осы аумақтағы жүздеген үйді су басқан.

Біз қазір қаладағы басты карьердеміз. Осы аумақта жан-жақтан келген ерікті азаматтар, күштік құрылымдар, әскерилер, жастар құм топырақты қапшыққа салып жатыр. Бұл жерде күніне 150-200 адам жұмыс істейді. Қазір азаматтардың біреуін сөзге тартып көрейік.

Нұрболат Жұмағалиев, мұғалім:

Біз Сырым ауданы Алғабас ауылынан келдік. Өзіміз ерікті түрде, ел басына күн туса, етігімен су кешер дейді. Елде осындай жағдай болып жатқанда үйде отыра алмадық. Осылай барлығымыз жұмыла ұстаздар, мәдени қызметкерлер болып келіп жатырмыз.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Ал жаңағы құм толы қапшықтар қала аумағындағы осындай бөгеттерді нығайтуға әкелінеді. Бұл іске сонау 500-600 шақырым жердегі Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан да ерікті азаматтар келген. Арасында қыз-келіншектер де бар екен. Солардың бірі - Мөлдір, сіз де ер азаматтармен қатар игі істің басында жүрсіз. Міндетіңіз қандай?

Мөлдір Әбдірешева, Жәнібек аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

Міндетім - жігіттерге су тасу, түскі ас-ауқатын әзірлеу. Осы жерге де аздап қолғабысымызды білдіріп жатырмын. Жәнібек ауданынан 15 ерікті жас келдік және қаладан қосылды тумаларымыз. Қаламызды осы қауіпті судан қорғап қаламыз деген мақсатпен келдік.

Ал жағаны бекітуге жұмылған жұртшылыққа еріктілер ыстық тамақ ұйымдастырған. Қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер, мұғалімдер қазан көтеріп, түскі, кешкі аспен қамтамасыз етіп жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу