Жайық өзенінің су деңгейі сағат сайын көтеріліп жатыр. Салдарынан Батыс Қазақстан мен Атырау облысына қауіп төніп тұр.
Жалпы, Жайық өзені Ресейден келеді. Ол Магнитогорсктан Орскке одан әрі Новотроицктен өтеді. Әрі қарай Орынборға жетіп Қазақстанның Орал қаласына барады. Батыс Қазақстан облысындағы ауылдарды басып өтіп, Атырау облысына одан Каспий теңізіне құяды.
Қазір Орынбордан шыққан Жайық өзеніндегі су деңгейі антирекордық деңгейге жетті. 16:00-дегі жаңартылған дерек бойынша 1087 см-ге дейін көтерілген. Бұл Орынбор облысының су артериясын бақылау тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Соңғы екі сағатта су 5 сантиметрге көбейген. Қазгидромет мамандары Жайықтың суын әр төрт сағат сайын өлшеп, нәтижесін жариялап жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, Жайықтың Январцев ауылындағы деңгейі 4 сантиметрге, Орал қаласында 2, Тайпақ ауылы тұсында 3 сантиметрге көтерілген. Жайық өзенінің қазіргі деңгейі 7 метр 30 сантиметрден асты.