Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы алты ауылмен байланыс жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы алты ауылмен байланыс жоқ

11.04.2024

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылында тасқыннан қорғану шаралары жүріп жатыр. Ойыл өзенінің елдімекен тұсындағы деңгейі қазір 80 см-ге көтерілген. 100 шақты адам 15 техниканың көмегімен ұзындығы 2 шақырым болатын бөгет соғып, 11 мыңнан астам қапшыққа құм толтырған. Ойыл бойында 6 ауыл – Жангельдин, Жасқайрат, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылымен әзірге көлік байланысы жоқ. Халық екі ортаға қайықпен қатынап жүр. Мамандардың айтуынша енді Қиыл өзенінің суы келмек. Бірақ одан айтарлықтай қауіп жоқ.

Азамат Қаленов, аудандық мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы:

Биылға осы тасқындай тасқын емес ол су. Ол өтеді келеді, қосады. Бірақ енді өте қатты қауіп төндіретіндей көтерілмейді деп болжап отырмыз. Ойылдың өзі енді 45-50см көтеріледі деп отырмыз.

Ал Жылыой ауданында тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдар мен жан-жануарларды құтқару бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Тасқын қаупі сейілді. Су баспаған аумақтарда тіршілік қайтадан қыза түсті. Ендігі мақсат Құлсары қаласының ішіндегі суды сыртқа шығару. Бұл бағытта жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр деді жауаптылар.


Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу