Әлемде жүздеген миллион мұсылман Айтты мерекелеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде жүздеген миллион мұсылман Айтты мерекелеп жатыр

11.04.2024

Әлемде миллиондаған мұсылман Айтты мерекелеп жатыр. Азияда, Араб елдерінде жамағат мешіттерге мыңдап жиналып, палестиналықтарға бейбітшілік тіледі.

Индонезияда Айт мерекесі қарсаңында миллиондаған адам жолға шықты. Олар туған ауылдары мен қалаларға ұшақтармен, пойыздармен, автомобильдермен, паромдармен аттанып, қасиетті мейрамды жақындарымен тойлап жатыр. Мұнда мереке намаздан басталды.

Айта кетсек, Индонезия – әлемдегі ең ірі мұсылман мемлекеті. Бұл елдегі 220 миллион тұрғынның көпшілігі ислам дінін ұстанады.

Сити Шамсия, жергілікті тұрғын:

Үміттенемін. Мұсылмандар үшін дұға қыламын. Олардың бейбіт өмір сүріп, гүлденгенін қалаймын.

Енді Азияның оңтүстігіне ойыссақ. Бұл – Пәкістан. Мұнда да діни мейрам намаздан басталды. Содан кейін халық сыйлықтарын алып, бір-бірін құттықтауға аттанды.

Араб әлемінде де мереке. Мысырда, Иракта, Йорданияда, Сирияда, Иерусалимде сан миллион адам мешіттерге жиналып, Аллаға мінәжат етіп, жарты жылдан бері сұрапыл соғыстың қасіретін шегіп отырған Газа тұрғындарына бейбітшілік тіледі.

Омар Кәрім, Бағдад тұрғыны:

Мен осы Айт мерекесінде елімізге Алланың ризашылығын көріп тұрмын. Бағдад жұрты да, бүкіл Ирак халқы да қауіпсіз, бейбіт өмір сүре бастады. Палестинадағы бауырларымызға осындай өмір тілеймін.

Ал мынау – Израиль әскерінің шабуылдарынан күл-талқаны шыққан Рафах қаласы. Газа секторында орналасқан шаһардағы мешіттің бір мұнарасы ғана қалған. Соған қарамастан, оның жанына бүгін бірталай мұсылман жиналып, Айт намазын оқыды.

Махмұд Алхамайдех, Рафах тұрғыны:

Биыл Айт былтырғыдан өзгерек. Үйге оралайын десем, оның түгі қалған жоқ. Балаларымды аяймын. Солардың амандығы үшін Аллаға құлшылық еттім. Өткен жылы бәріміз шаттанып тойлап едік мерекені. Қазір соғыстан жаралымын, жүре алмаймын.

Газада Рамазан айында тоқтамаған соғыс бүгін де жалғасып жатыр. Қазанның 7-де басталған қарулы қақтығыстардан палестиналық анклавта 33 мыңнан астам адам қаза тауып, сектордың 2,3 миллион тұрғынының түгелге жуығы үйлерін тастап кетті. Бұл аздай, жергілікті халыққа қазір ашаршылық пен түрлі аурулардан төнген қауіп те күшейіп келеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу