Атырау облысының орталығында өзен деңгейі 38 см-ге көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының орталығында өзен деңгейі 38 см-ге көтерілді

10.04.2024

Атырау облысы бойынша 3 күн бұрын төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Жылыой мен Қызылқоға аудандарында елдімекендерді су басты. Ендігі қауіп Жайық өзені жағасындағы елдімекендерге төніп тұр. Себебі өзеннің жоғары жағынан, яғни көрші елдегі Иректі су қоймасынан көп су жіберіліп жатыр. Бүгінгі дерек бойынша 1343 метр куб жіберілді. Осыған байланысты Жайықтың деңгейі күн сайын көтеріліп жатыр. Таңертең жарияланған мәлімет бойынша облыс орталығында өзен деңгейі 38 см-ге көтерілген.

Жалпы тасқын басталғалы бері 285 см-ге өсті. Еске салсам, ресми билік негізгі қауіп сәуір айының үшінші онкүндігінде болады деп болжап отыр. Осыған байланысты қазір тұтас батыс өңірі қызу қамданып жатыр. Өзеннің жағасын бекітіп, бөгеттер тұрғызуға жұмылды. Кеше жағалауды нығайту жұмыстарына Атырау облысы бойынша 670-тен аса арнайы техника мен 2 мыңдай мемлекттік қызметкер және 3 мыңнан аса ерік атсалысқан. Одан бөлек әр ауылдың тұрғындары өз елдімекенін қорғау үшін барын салып жатыр. Біз дәл қазір Атырау қаласының орталығында тұрмыз. Мұнда да қапшықтарға топырақ толтырылып, жағаға төселіп жатыр. Мына тұста жергілікті газет-журнал, телеарнадағы әріптестеріміз де осы іске белсене кіріскен. Сонымен қатар бүгін Ораза айт мерекесі. Мұсылман қауымы оны далада, қауырт жұмыстың арасында бірге атап өтіп жатыр. Аймаққа еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек келіп жатыр. Өткен тәулікте 102 тонна жүк келген. Арасында 80 тонна Қырғыз елінен келген қолдау да бар. Ол Жылыой ауданына жөнелтілмек.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу