Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілді

09.04.2024

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілді. Келтірілген залалды есептеу жөніндегі комиссия мүшелерінің сараптамасы бойынша облыста 60 үй су астында қалған. Олардың барлығына аудандық бюджеттен бір реттік өтемақы ретінде 100 АЕК яғни, 369 200 теңгеден берілген. Бағалау комиссиясы жұмысты алдағы күндері толығымен аяқтап, қорытынды дайындайды. Сондай-ақ осы аптада мал шығынына байланысты мәселе де шешімін таппақ.

Орал Стыбаев, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгінде осы әр үйдің шығына есептеліп болды. Осы аптаның ішінде бұл шығындарды төлеу жұмыстарын толық жүргіземіз. Бұдан бөлек, шығындардан бөлек аудандық комиссияда қаралып, әр тұрғын үй иесіне материалдық көмек ретінде 100 АЕК яғни 369 мың теңге аудандық бюджеттен берілді.

Әлеуметтік төлем автоматты түрде ұзартылады

Атаулы әлеуметтік төлем автоматты түрде ұзартылады. Мұндай мүмкіндік төтенше жағдай жарияланған қала мен аудан тұрғындарына беріліп отыр. Яғни, бұл көмекті алып жүргендердің төлемі жылдың екінші жартысында автоматты түрде ұзартылады. Ешқайда барып, құжат өткізудің қажеті жоқ. Ал, бұл қызметке бірінші рет жүгінетіндер өтінішті электронды үкімет порталы арқылы бере алады. Ол үшін егов сайтына кіріп, тіркеуден өтіп, онлайн сұрау батырмасын басу қажет. Өтінімге электронды цифрлық қолтаңба немесе ұялы телефонға келген құпия сөзді теру арқылы қол қойылады. Жеке щот «Қазпоштадан» немесе «Халық Банкінен» ашылуы тиіс. Өтінім 15 күннің ішінде қаралады.

Жандос Бақытбекұлы


Хабарламаларға жазылу