Құлсарыдан 35 мың тұрғын эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыдан 35 мың тұрғын эвакуацияланды

09.04.2024

Ал Құлсарыдан эвакуацияланғандар саны бүгін 35 мыңға жетті. Қауіпсіз жерге көшірілген халықтың біразы Теңіз кен орнындағы қалашықта тұрып жатыр. Қазір осы вахталық қалашықтан әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланыста жағдайды баяндайды. Нұрсұлтан, тұрғындардың жағдайы қалай?

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Біз қазір Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтамыз. Бұл жерге 7 мыңдай тұрғын эвакуацияланды. Олар мердігер компаниялардың жатақханаларына орналастырған. Басым көпшілігі балалы әйелдер мен қарттар. Мұнда тұрғындарға барынша жағдай жасауға тырысқан. Үйлерін су басқан халықтың еңсесі түскен, тіпті қорқып қалғандарын айтады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жылыойлықтардың басым көпшілігі вахталық әдіспен кен орындарда қызмет етеді. Олардың мұнда уақытша тұруына жағдай жасалып, балалардың көңілін аулау үшін кинотеатрдан фильмдер көрсетіліп жатыр.

Берік Амиров, мердігер компания филиалының директоры:

Экскурсия жасағымыз келіп отыр, мына заводтың ішіне кіре алмай өкінішке орай, сыртын айналып отырып осы жерде бала-шағаларына, әйелдеріне болса да күйеулері, ағалары, әкелері қай жерде жұмыс істейтінін көрсін. Көңілдерін аулап, жағдайларын қарастырып жатырмыз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бүгін қауіпсіз жерге көшірілгендердің саны 35 мыңға жетті. Олар көршілес Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданына, Боранқұлға, Ақтауға, Жаңаөзенге, Теңіз кен орнындағы вахталық қалашыққа және Атырау қаласына көшірілген еді. Олар мұнда қанша уақытқа дейін тұратыны белгісіз, жағдай тұрақталғанша қауіпсіз жерде болмақ. Ал үйлерін су баспаған тұрғындар біртіндеп қайтып жатыр. Жауаптылар Құлсарыда су деңгейі төмендегенін айтады. Ахуал реттелгесін барлық шығын есептелмек.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу