Солтүстік Қазақстан облысында жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 182 пайызға толды. Бөгет үстінен ағып жатқан судың биіктігі 4 метр 25 сантиметр. Бұл туралы облысы әкiмiнiң орынбасары Қанат Дүзелбаев республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте мәлімдеді. Қазір облыстың 3 ауданы мен Петропавл қаласын су басу қаупі бар. Ал Қостанай облысында қауіп сейіле бастады. Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтың айтуынша, су қоймаларынан ағызылып жатқан су көлемі азайған. Өзендегі су деңгейі де төмендеді, дейді. Дегенмен, Торғай, Дәмді, Қабырға өзендерінде су деңгейі жоғары.
Арман Әбенов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі таңда 50 айлық есептік көрсетіш мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 587 отбасыға, 107,3 миллион теңге соммасында төленді. Авариялық ажыратулар себепті 28 елдімекен электрмен жабдықтаусыз қалып отыр. Бүгінгі күнде электр бағандары суда қалған. Оларды қалпына келтіру жұмыстарын қиындатуда. Су кеткеннен кейін жұмыс жалғастырылатын болады.
Ал, Атырау облысында жағдай күрделі. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, Жылыой ауданы Құлсары қаласында 2 мың 680 нысанды су басқан. Дамба соғу, бөгеттерді көтеру жұмыстары демалыссыз жүріп жатыр. Осындай қарқынды жұмыс нәтижесінде Құлсарыдағы 7-ші ықшам ауданын су басу қаупі сейілген.
Асылбек Данияр