Құлсары қаласының 19 мыңға жуық тұрғыны қазір Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында. Осы өңірдегі әріптесім Аягөз Оралбайқызы бізбен байланыста. Аягөз, эвакуацияланған халықтың жағдайы қалай?
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Аймаққа 19 мыңдай адам келді. Оның басым бөлігі осы Бейнеу ауылында, 9 мың адам. Боранқұл елді-мекенінде 8 мың. Қалғандары Ақтау қаласы мен басқа да аудандарға орналасты. Оларға жергілікті әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр.
Бейнеудің өзінде қазір 40 қа жуық уақытша қабылдау пункті бар. Эвакуацияланғандар мектептердегі кабинеттерге, жатақханаларға, кәсіпкерлік ғимараттарға орналастырылды. Маңғыстау жұртшылығы Құлсарылықтарға қолдан келген көмекті жасап жатыр. Бейнеуге Ақтаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясынан 2 тонна киім-кешек жеткен. Одан бөлек тағы 300 төсек жабдық келді. Облыс кәсіпкерлері де бір адамдай жұмылған. Ал қарапайым халықтың көмегінің есебі жоқ. Бәрі жан-жақтан азық-түлік әкеліп, қамқорлық жасап жатыр.
Аягөз Оралбайқызы