Президент тасқыннан қираған үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент тасқыннан қираған үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды

08.04.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министріне тасқыннан қираған үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Бүгін Президенттің қабылдауында болған Қанат Шарлапаевтың айтуынша, су басқан өңірлерде жаңа тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталып қалды. Бұдан бөлек, министр өнеркәсіптік даму, геология, жер қойнауын пайдалану және құрылыс салаларындағы жұмыстың нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,4 пайызды құраған. Өндіріс көлемін ұлғайтуда машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп сияқты салалардың үлесі зор.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Құрылыс секторында осы жылы 18 млн шаршы метр яғни 172 мың тұрғын үй салынады. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жұмысты бастап кеттік. Қысқа мерзімде зардап шеккен аудандарда тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдаймыз.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу