Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында қосымша эвакуациялық пункттер құрылып жатыр. Өйткені Атырау өңірінен көшіріліп жатқан адам көп. Қазірдің өзінде 18 мыңнан астам адам келген. Бұған дейін Бейнеу ауылының өзінде 13 уақытша орналасу орны жасақталған болатын. Соған қосымша тағы 20 пункт ашылды. Жылыойлықтардың орналасуына 300-ге жуық волонтер көмектесуде. Бейнеуге арнайы барған әріптесім Аягөз Оралбайқызы бізбенен байланыста.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Маңғыстауға Құлсарыдан соңғы 3 күнде 18 400-ге жуық адам эвакуацияланды. Соның 9 мыңға жуығы Бейнеу ауылында. Олар мектептер мен оқу орындарына, кәсіпорындардың жатақханаларына орналастырылып жатыр. Біз тұрған пунктте құлсарылық 200 адам бар. Олар азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттармен қамтылған. Мұнда волонтерлер жұмыс істеп жатыр. Жастар гуманитарлық көмекті үлестіріп қол ұшын созуда.
Нұрдәулет Аманқосов, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Халық болып көмектесіп жатырмыз. Сол халықтың әкелген азық-түлігін Атыраудың жылыойлық халқына шамамыз келгенше таратып, теңдей бөлу мақсатында жұмыстанып жатырмыз, ерікті болып келіп. Қиыншылықты тек қана халық болып бірігіп, жеңіп шыға аламыз.
Бейнеуге Маңғыстаудың басқа да ауыл-аймақтарынан гуманитарлық көмектер үздіксіз келуде. Кеше Ақтаудағы қазақстан халқы Ассамблеясынан 2 тонна киім-кешек жеткен. Одан бөлек тағы 300 төсек жабдығы келді. Облыс кәсіпкерлері де бір адамдай жұмылған. Ал қарапайым халықтың көмегінің есебі жоқ. Бәрі жан-жақтан азық-түлік әкеліп, қамқорлық жасап жатыр.
Аягөз Оралбайқызы