«ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына 4,5 миллион көшет егілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына 4,5 миллион көшет егілді

08.04.2024

Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғаған ұлтанына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен 4,5 миллион көшет егілді. Ғаламдық экологиялық апат аймағына айналған Арал мәселесіне алғаш рет еліміздегі ірі кәсіпорын қаржы құйып отыр. Экожоба аясында 15 мың гектар аумаққа шөлге төзімді ағаш отырғызу жалғасуда.

Кезінде әлемдегі ең ғажап теңіздің орны бүгінде сор басқан ұшы-қиыры жоқ шөл дала. Ғалымдар Аралдан көтерілген шаң-тозаң құрлық асып жатқанын дәлелдеген. Ал оны тоқтатудың бірден бір жолы сексеуіл егу. Сыр өңіріне арнайы келген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және тарибиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экожоба аясында көшет отырғызды.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасы:

«ҚазМұнайГаздың» бүгінгі осы шараға қатысуы біз үшін, біздің компания үшін өте маңызды болып табылады. Неге десеңіздер «ҚазМұнайГаз» біріншіден ұлттық компания, екіншіден мұнай-газ компаниясы болғанымен де осындай әлеуметтік маңызы зор жобаларды іске асыруға әлі де үлкен үлес қосамыз.

2021 жылы ел Президенті теңіздің құрғаған 1,1 миллион гектар аумағына сексеуіл егіп, табиғатын қайта қалпына келтіруді міндеттеген болатын. Міне, ұлттық компания Мемлекет басшысының бастамасын іске асыруға атсалысып, ауқымды жұмыстарға қомақты қаржы бөліп отыр. Жалпы осы кезге дейін Аралдың ұлтанына 540 мыңнан астам гектар жерге сексеуіл егілген.

Данияр Тұрғамбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

2024 жылға жоспар 275 мың гектар жерді игеру болып тұр. 26 наурыздан бұл жұмыстар басталды. Осы 7 сәуірде аяқталады деп жоспарлануда. Көктемде 65 мың гектарға жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Эколог ғалымдар бір түп сексеуіл шамамен 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал ететінін айтады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу