Ақтөбедегі су қоймаларынан төнген қауіп сейілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі су қоймаларынан төнген қауіп сейілді

08.04.2024

Ақтөбедегі екі ірі су қоймасынан қауіп сейілді. Мамандар су деңгейін әр екі сағат сайын өлшеп отыр. Дегенмен, соңғы тәулікте Қарғалы су қоймасынан су жіберіліп, саяжай аумақтарына су кірді. Ал бұған дейін тасқыннан баспаналарына залал келген тұрғындардан қазірге дейін 300-ден астам өтініш түскен. 94 адам жалпы сомасы 28 миллион теңге көлемінде бір реттік төлем алды. Жалпы, көмек төрт бағыт бойынша беріледі. Бірінші - жылжымайтын мүлік, тұрмыстық техника мен жиһазға, екінші - бір жолғы төлем, үшінші - қоғамдық қорлардан бөлінетін қаржы және несиелік демалыс. Су тасқынынан зардап шеккендердің кредиттік төлемдері үш айға шегерілді.

Осы Ақтөбе облысында тасқынның зардабын жоюға көмекке барған қызылордалық құтқарушылар аймақтағы миссиясын аяқтап, Қостанай облысына аттанды. Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Әйтеке би ауданының Әйке ауылында тұрғындарды эвакуациялауға және құтқару жұмыстарына қатысқан еді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу