Сейсенбіде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сейсенбіде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанға барды

07.04.2024

Сейсенбіде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанға барды. Су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін Қаратөбе ауданының орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке соқты. Жұртпен кездесті. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.

Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады. Көпірлер, бөгеттер, өткелдер, каналдар салатын жер көп. Істейтін тірлік көп. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Батыс Қазақстан облысында тағы санамалады.Тағы дейтінім, дүйсенбіде жиналыс ашып, тізіп берген. Жаңа айтқанымыздай, ол жайлы материал бөлек. Еліміздің батыс өңіріне сапарын Досжан Маратұлы баяндайды. 

Батыс Қазақстан облысы. Тасқыннан ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі. 4 аудан мен аймақ орталығындағы ахуал әлі де қиын. Тасқынның екінші кезеңі жүріп жатыр.

Әуежайда Мемлекет басшысы бірден тікұшаққа отырып, су басқан аумақты аралады. Қазір Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандары мен Оралды су жайлап жатыр. 500-ден астам үй мен 400-ден астам саяжайды су басқан. Апат ауқымы әуеден ғана емес, жерден де анық көрінеді. Мәселен бұл Президент келген Қаратөбе ауылы. Аудан орталығы қарғын судың ортасында. Мұндағы Жақсыбай, Қалдығайты өзендері тасып, бірнеше елдімекен су астында қалған. Жолдарды да су шайып кетті.

Арнасынан асқан өзеннің ағысы қатты. Қараңыздаршы, мына жерде көпір бар еді. Бірақ тасыған суға төтеп бере алмады. Толық шайылып кеткен. Ал арғы жақта осы Қаратөбе ауданына қарасты 8 ауыл бар. Барлығымен көлік қатынасы үзілген.

Байланыссыз қалған елдімекен тұрғындарына қазір тікұшақпен, қайықпен көмек көрсетіліп келеді. Тасқынмен облыста 300 ден асқан техникамен жұмылған 2000 мыңдай адам күресіп жатыр. Волонтерлар да қиын қыстау сәтте жұрттың жанында. Тұрғындардың өздері де қарап отырмай, өзендердің жайылуын тоқтатып әлек. Жағаға осылай қап төсеп, күшейтіп жатыр.

Тәуке Үмбетов, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Өзеннің арнасы ар жақта болған. Жылдан жылға шайып, ауылға кіруіне аз ғана қалды. Қолдан келген көмегімізді беріп жатырмыз.

Облыс бойынша қазір 7 мыңдай адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Олар үшін 17 эвакуациялық пунк ашылған. Қаратөбе мектебінің жатақханасындағы орталық соның бірі. Мұнда Аққоз ауылдық округінің 180-нен астам тұрғыны жатыр. Қобыланды Бақытұлы солардың бірі. Айтуынша топан су екі метр бөгетті жарып өтіп, ауылды әп-сәтте шайып кеткен.  Ес білгелі мұндай сұмдықты көрмедім дейді.  

 Қобыланды Бақытұлы, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Бір сағат екі сағаттың айналасында трактор жүрмей қалды. Ағын судың екпіні қатты. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.

Эвакуациялық пунктте адамдарға жағдай жасалған. Барлығы азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға медбикелер жәрдем қылады.

 Сағидолла Темірбеков, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Гимназия орталығына орналасқаннан соң асты-үстімізге түсіп жатыр. Қарапайым адамдарға барлық жағдайды жасап жатыр. Бізге таза киім беріп, төрт мезгіл тамақтандырып жатыр. Қазір жағдайымыз жақсы.

 Айжан Кенжеғалииева. Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Біздің баратын үйіміз жеткілікті. Туысқандарыздың барлығы көмек беруге дайын, дегенмен  ауыл халқымен бірге болайық деп отырмыз. Қазір бір бөлмені босатып берді. Көңіліміз орнына түсті.

 Үйін тастап, бас сауғалаған жұртпен президент те жолықты. Қал сұрасты. Сабырға шақырып, мемлекет ешкімді далада қалдырмайтынын айтты.

 Қасым Жомарт-Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет оның ішінде Үкімет барлығыңызға қол ұшын беріп, көмектеседі. Материалдық, қаржылық жағдайларыңызды орнына келтіреміз. Құзіретті органдарға тиісті тапсырмаларды бердім. Барлығы дұрыс болады, алаңдамаңыздар!

Бұл сөздер ертеңі үшін уайымдаған жұртқа жылу сыйлағандай. Президентке өзге өтініштерін де айтып қалды. Айтуларынша батыстағы аудандарда өзендер жиі тасиды. Көпірдің жоқтығынан әсіресе Аққоз округінің қарашасы қиналып келеді.

Қасым Жомарт-Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көпір мәселесі бойынша Үкіметке міндетті түрде тапсырманы беріп, тиісті қаражатты бөлеміз. Келешекте тек жақсылықта кездесе берейік!

Бұдан соң Президент жедел штабтың отырысын өткізді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша жағдай әлі күрделі. Қазір Шаған, Деркөл, Жайық өзендерінің деңгейі жылдам көтеріліп келеді. Бұған Ресейден келетін су көлемінің еселеп артуы себеп. Бұл Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарына қауіп төндіріп тұр. Болашақта мұндай тасқынға жол бермеу үшін дайындықты күшейту керек деді президент.

Қасым Жомарт-Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көктем мезгілінде қар шығару,  өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа  шаралар алдын ала жүргізілуі тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалау, табанын тереңдету және сағаларын кеңейту, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттыру, қажет жағдайда жаңасын салу  қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі.

Мемлекет басшысының айтуынша елде бұрын соңды мұндай тасқын болмаған. Тек 1994 жылы ұқсас жағдай тіркелгенімен, биыл одан әлдеқайда асып түсті. Келтірілген залал көлемі де орасан. Енді соны кешіктірмей өтеп, барлығын қысқа уақытта қалпына келтіру қажет деді.

Қасым Жомарт-Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын және барлық шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері су астында қалды. Жолдар мен көпірлерді су алып кетті. Барлық мәселе шешілгеннен кейінгі міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу, бұрыннан бар үйлерді қалпына келтіру жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деген ойдамын. Дәл қазіргі ахуал ауыр. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқаруы тиіс.

Президент табиғи апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек деді. Әрі мұны заң жүзінде бекіту қажеттігін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмі әзірленбек. Бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге дейінгі барлық іс-қимыл нақты қамтылуы керек деді Қ. Тоқаев. Тасқынның алдын алу бағытында қажетті кадрларды даярлау мәселесі өзекті екенін кезекті рет айтты. Сол үшін гидротехник, ирригатор сияқты мамандарды оқытуға көңіл бөлінбек.


Хабарламаларға жазылу