Атырау облысына Ұлттық ұланның бортымен бүгін 23 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Астанадағы «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қоры өңірдегі тасқыннан зардап шеккен ағайынға азық-түлік пен керек-жарақ және сорғы техникасының жүз данасын жөнелткен. Сонымен қатар елордадағы бірнеше кәсіпкер бірлесіп, 10 тонна азық-түлік алып берген. Нәубеттен жапа шеккен жұртшылыққа қолдау болсын деп бірнеше аспаздық топты да ұйымдастырған. Олар эвакуациялық орталықтарға орналастырылған адамдармен қоса, табиғи апатпен арпалысып жатқан мамандарды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.