Батыс Қазақстан облысында қауіп әлі сейілген жоқ. Жайық өзені көтеріліп келеді. Төтенше жағдайлар департаменті өкілінің айтуынша, қазір өзен деңгейі 689 сантиметрге жеткен. Ең қауіпті деңгей – 850 сантиметр. Жағдай күрделі болғандықтан, саяжай тұрғындарына ескерту жасалды. Шаған өзенінің деңгейі жергілікті нормадан асып, Бөрілі, Теректі және Бәйтерек аудандарында эвакуациялық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 4500-ден астам үй жануары қауіпсіз жерге айдалған. Осы уақытқа дейін облыста 7 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мыңнан астам адам эвакуациялық пунктке орналасқан. Облыс бойынша 10 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Бұл өңірлер азық-түлікпен қамтылған, деді Азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіш.
Нұржан Төлеуіш - БҚО ТЖД Ақпараттық-аналитикалық тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты:
Қазіргі таңда облыс бойынша жағдай тұрақты күрделі болып қала береді және қатаң бақылауда. Көршілес Ресей Федерациясы мемлекетімен Төтенше жағдайлар министрлігімен қатынаста отырмыз. Орынбор облысында болып жатқан жағдайға сәйкес, 1600 куб метрдей су кетіп жатыр дегендей ақпарат бар. Қазгидромедтің бақылауынша, сәуір айының ортасында бізде су келеді деп күтіліп отыр.
Қостанай облысында да тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Тобыл өзеннің суы көтеріліп келеді. Сондықтан, өзенге іргелес орналасқан үйлердің тұрғындары шұғыл эвакуацияланған. Жалпы, аймақтағы су басқан үйдің саны – 243. 7 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілген. Жеке құрам бойынша 2500 адам құтқару жұмыстарына жұмылдырылған.