Палодар облысында қарғын судың қарқыны қайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Палодар облысында қарғын судың қарқыны қайтты

07.04.2024

Павлодар облысында қарғын судың беті қайтып, жағдай тұрақтала бастады. Зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттен ақшалай көмек беріліп жатыр. Бұған дейін өңірдегі 6 ауданға тасқыннан қауіп төнген болатын. Облыс бойынша 38 тұрғын үйге су кірді.

Мыңкөл ауылы тасқын судан қатер төнген елдімекендердің бірі. Бірақ, осындағы ірі шаруашылықтар техникаларын шығарып, айналасы екі күн ішінде ауылды аман алып қалды. Қазір, үй жайларына су кірген тұрғындарға бір реттік көмек беріліп жатыр. Алды демеуқаржыны алып үлгерген.

Валентина Чеснова, Мыңкөл ауылының тұрғыны:

369 мың 200 теңге карточкама түсті. Су кіріп бүлінген жерлерді жөндеуге жетіп қалады, деп отырмын. Енді бір аптада жер кеберсіп осы жәйтті түс көргендей ұмытсақ екен.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Жолтаптық, Веселая роща, Петропавлка ауылдарында да қазір жағдай тұрақталып келеді. Қарғын су жайылғанда жұрт бір кісідей жұмылып, тасқынның бетін қайтарды. Елдімекендегі әлеуметтік нысандар мен үй-жай, қора қопсыға зиян келмеді.

Асқан Орынтаев, Михайловка ауылының әкімі:

Қауіп жоқ қазір. Сол 4-нен бастап су кетіп отыр. Түгелі болысып сол ауылдың кісілерімен мына Петропавловканы аман алып қалдық

Батпаққа батып, ағын сумен алысқан бұл ауылдар Төтенше жағдайлар департаментінің тізімінде жоқ екен. Ал, тұрғындар көмек сұрап әлеуметтік желіге жазған дейді елдімекендердің ахуалымен танысқан мәжіліс депутаты.

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Тасқынға қарсы жұмыстар уақытында жасалған жоқ. Егер уақытында ашылатын болса су жіберетін құбырлар сол кезде осындай проблема болмаушы еді. Сосын облыс деңгейінде бір атқарушы орган жоқ екен. Қай басқарма оған жауапты екені . Сондай мәселелер бар енді басқару жүйеде.

Күн күрт жылып кеткендіктен соңғы үш күнде өңірдің қар көп түсетін солтүстік аудандарында әбігер басталды. Ертіс ауданы, Ұзынсу ауылы маңында республикалық тас жолдың үш бөлігінен жыра қазылып, көлік қатынасы тоқтатылған. Бүгін жол ашылды. Ағашорын ауылдық округін айнала қаптаған қар суының да деңгейі төмен түсті. Бірде бір үйге су кірген жоқ.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу