Президент тапсырмасына сай Премьер-Министрдің 1-ші орынбасары Роман Скляр су тасқыны бойынша жағдайды бақылау үшін Солтүстік Қазақстан облысына барды. Қауіп төніп тұрған бірнеше елдімекенді аралады. Жағдайды өңірдегі тілшіміз Эльмира Кәленовадан білейік. Эльмира, сіз эфирдесіз.Өңірдегі ахуал қалай?
Эльмира Кәленова, тілші:
Солтүстік Қазақстанда 29 сәуірден бері 30 үйге су кірді. 80-нен астам адам мен 230 бас төрт түлік эвакуацияланды. 55 жол учаскесін су басып қалды. Облыстағы негізгі гидрологиялық нысандардың бірі Сергеев су қоймасы 4 күннен бері тасып жатыр. Су арнасынан 3 метр 35 сантиметр асқан. Шағын өзен-көлдердің де деңгейі көтерілуде. Басым бөлігінде мұз көшкіні жүріп жатыр. Қазгидромет мамандары өзен деңгейі жылдам көтеріліп жатқанын айтты. Роман Скляр Су басу қаупі жоғары Тепличное ауылы мен Петропавл қаласының былғары зауыты мен Заречный кентіне барды. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетілетінін айтты. Қазір аталған аудандарда бөгеттер нығайтылып жатыр. Жұмысқа Ұлттық ұлан әскери академиясының курсанттары мен еріктілер жұмылдырылған. Үкімет басшысының орынбасарынан сұхбат жазған едік, назар салайық.
Роман Скляр ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары:
Синоптиктер болжамы бойынша су тасқыны 5 күн шамасында Петропавлға жетеді. Жауапты органдар күндіз-түні тасқынға дайындық жүріп жатқанын жеткізді