Жайықтың суы 7 метрге көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайықтың суы 7 метрге көтерілді

05.04.2024

Батыс Қазақстан облысында, Жайық өзеніне Ресейден келетін су көлемі артты. Салдарынан, Орал қаласы мен өңірдің 4 ауданын су басу қаупі сейілмей тұр. Қазір қала тұсындағы Жайық өзенінің деңгейі 7 метрге жуықтады. Орынбор облысы су ресурстары бөлімінің мәліметінше, Ириклин су қоймасынан Жайыққа секундына 2 170 текше метр су түсіп жатыр. Бұл су өңірге сәуірдің 13-іне қарай жетеді деп болжанып отыр. Жайық шекті деңгейі - 8,5 метрден асса, қаланың бірқатар аудандары мен саяжайларды су басуы ықтимал. Сондықтан, құтқарушылар тұрғындарды алдын ала қауіпсіз жерге көшу туралы құлақтандырды. Қазір Деркөл, Шаған өзендері тасыған кезде зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу үшін арнайы комиссия құрылып, құжаттарды қабылдау басталды. Шаһардың 7 эвакуациялық орталығында 400-ден астам адам тұрып жатыр.

Миржан Сатқанов, Орал қаласының әкімі:

Жайықтың жағасындағы қауіпті жерлерді анықтап болдық. Бүгін қаладағы құрылыс фирмаларының басшыларымен кездестім. Қазіргі таңда әріптестерім әр учаскені соларға бөліп береді. Сол жерлерді жоғарылатуға, биіктетуге, дамба жасау жұмысын атқарамыз.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу