Су тасқыны: Ақтөбе облысында тұрғындарға бір реттік төлем беріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: Ақтөбе облысында тұрғындарға бір реттік төлем беріліп жатыр

05.04.2024

Ақтөбе облысында баспаналарына залал келген тұрғындарға 369 мың теңге шамасында бір реттік төлем беріле бастады. Кешелі бері, Қарғалы өзенінің деңгейі көтеріліп, Ақжар елді мекеніндегі саяжайларға су жайылды. Құтқарушылар, тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз аумаққа шығарып үлгерді. Бірақ, бірнеше үйге су кірді. Зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайды.

Сара Нұғыманова, қала тұрғыны:

Кілемдер қалқып жүрді. Қоймада банкалар сынып жатыр. Сондай жағдай болды. Енді елдің бәрінде болып жатқан жағдай ғой. Үкіметке рахмет, көмектесіп жатыр. Қайтеді енді, халыққа бірдей болғасын.

Облысқа өзге өңірлерден гуманитарлық көмектер, лек-легімен келіп жатыр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек пен төсек орындар сұрыпталып, аудандарға жіберілуде. Бұл жұмыстарға жүздеген волонтер тартылды. Олар, енді киім-кешек, тамақ емес, бірінші кезекте қапшықтар мен шатырлар қажет екенін айтады. Тұрғындардың бүлінген мүліктері мен бұзылған баспаналарын комиссия қарап жатыр.

Гүлназ Сисенова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Өтемақы төлеген уақытта штаб комиссиясының қорытындысы керек. Содан кейін оны жергілікті атқарушы органдар бағалау компаниясын жалдап, бүлінген үйдің құнын шығарып, сараптамадан өткізіп, содан кейін ғана төлейтін болады. Оған екі-үш ай қажет болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу