Абай облысында тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін

04.04.2024

Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылында тасқынның екінші толқыны келуі мүмкін. Сондықтан облыстық Төтенше жағдай қызметінің мамандары мен 60-қа жуық әскери/ ауыл маңын бекіту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Елді мекендегі ер азаматтар бел жазбай бөгет тұрғызуға жұмылған. Қазір ауылға жақын маңдағы бірнеше жолдың бөліктерін су шайған. Сонымен қатар, Тассай ауылдық округіне баратын көпірді де су бұзып, қатынас үзілген. Сондықтан керек заттар мен азық-түлік қайықпен тасымалданып жатыр.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

Қазір екі толқын келді сондай. Сол ауылдың қарияларының айтуына қарағанда тағы да, екі-үш рет тағы сондай үлкен су келеді деп тосып отыр. Қауіп бар. Біз енді қауіп жоқ деп айтпаймыз. Еш уақытта босаңсуға болмайды. 
Жалпы, Абай облысында қазір 3 ауылмен қатынас жоқ. Жарма ауданындағы Көшек ауылына баратын жолды да ағын бұзған. Өткен күндері өңірдегі республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тас жолының бірнеше жерін де су шайған болатын. Бүлінген жол жөнделді.

Бақытбек Мағжан, жол жөндеуші компанияның өкілі:

Жолдың су шайған орындарын қалпына келтіру. Су тоқтату жұмыстарымен айналыстық күні-түні. 20 сағаттап, екі күндеп демалмай жұмыс істеген кісілер бар. Кейбір кісілердің әйелдері босанғанда үйіне бара алмай жұмыс істеді. 1,5 шақырымдайын шайды, 1068-ші километрді. 1078-ші шақырымды 500 метрін шайды. Қазір жабық тұрған жол жоқ. «Омбы-Майқапшағай» толық ашық.

Хабарламаларға жазылу