Күннің күрт жылынуынан еліміздің батыс аймағына қауіп төнді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күннің күрт жылынуынан еліміздің батыс аймағына қауіп төнді

04.04.2024

Қазақстан мен әлемдегі ауа-райы болжамы қандай? Бұл жайында Айя Мүтәлі айтып береді. Айя?

Сонымен синоптиктердің болжамына сенсек, бүгін еліміздің басым бөлігінде күн жылы болады. Солтүстік аймақта күн ала бұлтты. Ауа температурасы нөлден 4 және 7 градус жоғары. Күннің күрт жылынуынан Павлодар облысы Ұзынсу ауылының айналасына қарғын су жиналған. Төтенше жағдай қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен қызыл судың бағытын басқа жаққа бұрып, қауіпті сейілтті. Қазір жағдай қалыпты. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл және шағын өзендердің су деңгейі көтеріліп жатыр. «Қазгидромет»-тің мәліметінше, Сергеев су қоймасы бүгінде 94 % толған.

Су деңгейі төмендеп келеді

Еліміздің орталық аймағына тоқталсақ. Қарағанды мен Жезқазғанда күн бұлтты. Ауа температурасы күндіз +13-15 градус жылыны көрсетеді. Су басқан Қарағанды облысы Қайрақты елдімекені тұрғындары қалыпты тіршілігіне орала бастады. 1 метрге дейін көтерілген су қазір тартылып келеді. Алайда бұл елдімекеннің аудан орталығына баратын негізгі жолды су шайған. Қазір су кірген үйлерге сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Күшті желден 7 адам қаза тапты 

Ал Қытайда жексенбіден бері нөсер жауын толастамай жатыр. Күшті жел де басылған жоқ. Ауа-райының қолайсыздығынан 7 адам қаза тапқан. Жүздеген тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Синоптиктер тұрғындарға елдің бірқатар аумағында бүгін және ертең де нөсер жауын мен бұршақ жауатыны және екпінді жел соғатыны туралы ескертті.

Шығыста да күн бұлтты. Семейде күндіз 14, Өскеменде күндіз +10 градус жылы.

Төтенше жағдай жарияланды

Батыста күн құбылмалы. Сынап бағанасы күндіз 15 градусқа дейін көтеріледі. Күннің күрт жылынуынан Атырау облысындағы Жылыой ауданына қауіп төнді. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қазір қарғын судан қауіп төнген елдімекендерде эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Су бөгеттерді бұзып, ауыл ішіне кірген. Кеше кештен бері 150-ден астам адам эвакуацияланды.

Күшті желден 2 адам қаза тапты

Ал Мәскеуде күшті желден 2 адам қаза тауып, 17 адам жараланды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қалада күн суып, желдің жылдамдығы секундына 21 метрге жеткен. Қаладағы ірі саябақтар мен басқа да қоғамдық орындар жабылды. Мамандарының мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына "Патриция" циклоны әсер еткен.

Ал Оңтүстіктің басым бөлігінде күн жылы. Бұл аймақтарда ауа температурасы 15-20 градусқа дейін жылиды.

Құйыннан кейін көшелер өзенге айналды

Ал АҚШ-тың орталық батысында құйыннан кейін дүлей дауыл көтерілді. Көшелерді су басқан. Огайо, Пенсильвания және Индиана штаттарында инфрақұрылымға, тұрғын үйлерге айтарлықтай зақым келді. Бірнеше адам жараланғаны туралы мәлімет бар. Вирджиния және Оңтүстік Каролина штаттарында найзағай жарқырауы ықтимал. Ал Кентуккиде құйыннан кейін нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел тұрды. Метеорологтар күшті дауыл әлі де басылмайтынын ескертіп отыр. Қолайсыз ауа райы фронты елдің оңтүстік-шығысына қарай ойысып барады.

Мегаполистерге тоқталсақ. Шымкентте күн ала бұлтты, күндіз +18, түнде +5. Алматыда күн ашық. Күндіз 14, түнде 6 градус нөлден жоғары. Астанада да күн жылып келеді. Ауа температурасы күндіз 13, түнде 1 градус жылыны көрсетеді. 


Аям Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу