Таразда 70 жастағы желаяқ тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 70 жастағы желаяқ тұрады

03.04.2024

Таразда желмен жарысқан желаяқ тұрады. 70 жастағы Жақсылық Мамырбекұлы ә дегеннен 50 шақырымды еңсереді. Жүгіруден алдына қара салмайтын қария халықаралық жарыстарға да қатысады. ТМД елдерінде топ жарып жүрген зейнеткермен Данияр Әлімқұл бірге жүгіріп көрді.

Тараз көшелерімен күнделікті жүгіретін қарияны қала халқы тегіс таниды. 70 жастағы Жақсылық Мамырбекұлы 7 жыл бойы жүгіруді жанына серік еткен. Жаттығу ретінде күніне 5 шақырымды бағындырады. Белтемірдің құлағында ойнайды.

Жақсылық Мамырбекұлы, марафоншы:

40 шақырымды 63 жасымда бастадым. 2017 жылы «Эксподан» бастадым. Содан, міне әлі жүгіріп келе жатырмын. Өзімнің бір сөзім бар: жүгіру – жұз аурудың емі, марафон – мың аурудың емі деген. Шамам болса жүгіре беремін. Мен жүгірген сайын ләззат аламын.

Ақсақал жуырда 50 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өтті. Ресей мен Орталық азия елдерінен де олжалы оралған. Қатарластары қария деуге қимайды, «жетпістегі жас жігіт» деп қалжыңдайды.

Бекасыл Үсіпбек, қала тұрғыны:

Өз еңбегімен салауатты өмір салтын жариялап, елге, жастарға жеткізіп жүрген осы кісі. Біз оны мақтаныш тұтамыз. Салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген кісілер өте аз. Сондықтан мұндай кісілерге қолдау көрсету – біздің міндетіміз.

Ал аймақтың спортына жауаптылар ат төбеліндей ардагерлер бұқаралық спортты дамытуда марафоншыларға мотивация береді дейді.

Нұржан Жолдасбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс тұрғындарының 500 мыңға жуығы яғни 40,3 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануда. + Ардагерлеріміз жарысқа қатысу үшін қаржы қарастырылып, бөлініп, іс-шараларға жіберіледі.

Жақсылық ата жастарға үлгі болып, тоқсанға жеткенше тоқтағысы жоқ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Балам қалмасай, жассың ғой! -Иә, мінекей жас болсақ та желаяқ қарияға жете алмай келеміз. Ақсақал Азиядан асып, Африка құрылығына дейін жүгіріп жеткісі келеді. Аяғым талғанша аянып қалмаймын дейді. Әрине қолдау болса қолдан келгенін жасауға дайын.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу