Ақтөбеде екі өзеннің деңгейі қайта көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде екі өзеннің деңгейі қайта көтерілді

03.04.2024
0:00:00
0:00:00

Түнде Ақтөбе қаласының аумағындағы Жіңішке және Сазды өзендерінің деңгейі қайта көтеріліп, жағалауда тұратын халыққа қауіп төнді. Сондықтан саяжайлардан 25 отбасы эвакуацияланған.

Сондай-ақ, Алға ауданында да жолды су шайды. Осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал тікелей байланысқа қосылуға дайын.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өткен түні де ақтөбеліктер үшін қарбаласқа толы болды. Өйткені, шаһардың ортасымен ағып өтетін Сазды өзені арнасынан асты. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпті аумақтарға құм төгіп, судың жолын бөгеуге тырысып жатыр.

Түн ортасында саяжайларда тұратындарға қауіп төнгендіктен, оларды қауіпсіз аумаққа көшіру туралы шұғыл шешім қабылданды. Қазір де біз Сазды өзенінің сағасында тұрмыз, су деңгейі түсе қоймаған. Кеше кешке қарғын су алдымен Бауырластар елді мекеніндегі жолдың үстінен асып аққан еді. Сондай-ақ, Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Батпақты өзенінің де деңгейі көтерілген. Ол жерде мамандар түні бойы жұмыс істеді. Соның арқасында көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Сондай-ақ, Әйтеке би ауданының жайсыз хабар келіп жетті. Белқопа ауылында он жасар бала достарымен бірге ойнап жүріп, абайсызда елді мекен сыртындағы Қостерек деген сайға жиналған суға батып кеткен. Яғни, бұл оқиғаның су тасқынына қатысы жоқ. Білім саласына жауапты мамандар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамау қажеттігін ескертіп отыр. 


Хабарламаларға жазылу