Тасқынмен күрес әлі жалғасып жатыр. 5 облыста судан қауіп сейілген жоқ. Мұны төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті. Дәл қазір Үкімет үйінен әріптесім Азамат Бейбітұлы байланысқа шығып тұр. Азамат, қазір су тасыған аймақтардағы ағайынды толғандырып отырған сұрақтың бірі, ол - мал-мүлкінің мәселесі. Шығын қалай, қашан өтеледі? Билік өкілдерінің жауабы қандай ?
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Министрліктер мен әкімдіктер тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріседі. Премьер-министр Олжас Бектенов зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және бәріне көмек берілетін айтты. Бақылау мен үйлестіру жұмысын күні кеше президенттің жарлығымен премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Қанат Бозымбаевқа тапсырды. Ол қазір су тасыған аймақтарды аралап жүр. Дәл қазір үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихаты аяқталуға жақын. Мұнда Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов тасқынның алдын алуға 7 млрд теңге бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Негізі 3 млдр теңгеден аса қаржы бөлінген екен. Ол қазіргі су тасқынымен күреске жұмсалып жатыр. Сондай-ақ, брифинг барысында вице-министр құтқарушылардың ең басты міндеті адам өмірін сақтап қалу және сол міндетті құтқарушылар күн-түн демей, су кешіп, барынша атқарып жатыр деді. Ал, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев алдағы 10 күнде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол түседі деп мәлімдеді. Ал, көлік министрі Қарабаев су тасқынынан республикалық маңызы бар жолдарға еш зардап болмады деп отыр. Тек, елді-мекендер мен аудан орталықтары арасындағы тас жолдарды су басқан. Сондай-ақ, темір жолдарды су басу қауіпі жоқ деді министр.
Азамат Бейбітұлы