Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы қалай төленеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы қалай төленеді?

01.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккендер өтемақы алу үшін әкімдікке барып өтініш жазу қажет. Келген шығынды арнайы мамандар 10 күннің ішінде анықтауы тиіс. Штабты басқарған Премьер-министр зардап шеккендерге қысқа мерзімде көмектесіп, материалдық залалды өтеуге тапсырма берді.

Самал Қабышева, тілші:

Су басқан өңірлер шығын көлемін есептеуді бастауы керек. Үкіметте тасқыннан келген шығынды өтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер талқыланған жедел штабта осындай тапсырма берілді. (Кесте) Ал, зардап шеккендер 30 күннің ішінде әкімдікке өтішін жазуы керек. Яғни, төтенше жағдай туындаған күннен бастап, берілген бір ай уақыттың ішінде жергілікті атқарушы органға өтінішін қалдырады. Ал келтірілген шығын көлемі арызы қабылданғаннан кейін, 10 күнде анықталады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі, Республикалық штаб төрағасы:

Су тасқынынан келтірілген шығын көлемін анықтап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетілуі керек.

Самал Қабышева, тілші:

Самал Қабышева, тілші:

Премьер-министр атап өткендей, шығынды есептеу мен өтеуді созбаққа салуға болмайды. (Кесте) Қаражат жергілікті атқарушы органдардың резервінен бөлінеді. Ал залалдың мөлшерін әкімдік, өнеркәсіп және құрылыс минитсрлігі мен Төтенше жағдайлар ведомствосы анықтайды. Тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана Үкіметтен қосымша қаржы қарастырылады.

Мәселен, Қарағанды облысындағы төтенше жағдай жарияланған Шет ауданында 40 үйді су шайып кеткен. Бүгінде аудан әкімі ауыл-ауылды аралап, жағдайды бақылауда. Әзірге, бірнеше ауылды қоса есептегенде 5 үй жарамсыз деп танылған.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

Негізгі міндетіміз, зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы көмексіз қалмайды. Бүгін сараптама жұмыстары басталып жатыр. Алдын ала әкімдіктің мамандарымен офис жасалауда. Егер үй тұруға жарамсыз болса, үй алып беру қарастырылады.

Самал Қабышева, тілші:

Ал су басқан өңірлердің оқушылары бүгін төртінші тоқсанды онлайн форматта бастады.

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:

Қашықтықтан оқыту су тасқыны сақталған аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пунктер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылуда. Балалар қашықтан оқу үшін қажетті құралдармен, киім-кешекпен, техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.

Самал Қабышева, тілші:

Өңірлерде су тасқынымен күрес жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы ақпаратына сәйкес, Төрт жарым миллионнан текше метрден асатын су сорылған. 730 мың тоннаға жуық тас, құм, топырақ сынды инертті материал төселген. Ал, қауіпсіз жерге көшірілген халық саны 14 мың 200-ге жеткен. Оның 5,5 мыңнан астамы бала.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу