Батыс Қазақстандағы 17 елді мекенде көлік қатынасы үзілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандағы 17 елді мекенде көлік қатынасы үзілді

31.03.2024

Батыс Қазақстан облысында 17 елді мекенде жолды су бұзып өткендіктен, көлік қатынасы үзілді. Өңірде 2500-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Облысқа барған Мәжіліс депутаттары әуелі көктен су басқан аумақтарды бақылады. Аймақта Орал қаласы мен 4 ауданда төтенше жағдай жарияланған. Ресейден келетін су мөлшері көбейіп, Қараөзен, Сарыөзен, Деркөл, Шаған өзендерінің деңгейі көтерілді. Утва, Шыңғырлау өзендерінде қауіпті деңгейден асты. Депутаттар 55 үйіді су басқан Теректі ауданындағы Аңқаты ауылына барды. Қарғын суды азайту үшін ауылға кірер жалғыз жолды бұзуға тура келген. Қазір орнына жаяу адам жүретін көпір салынған. Көлік жүре алмайды. Үйлерге биіктігі 1 метрден астам су кірген. Мектеп интернатындағы эвакуациялық орталықта 35 адам жатыр.

Арнайы комиссияның шығынды әділ есептеуін, мал шығынына көңіл бөлуін, сондай-ақ зардап шеккен адамдар мектепте орналасқандықтан, каникулды ұзартып, сабақ мерзімін шегеру туралы ұсыныс айтты.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл - ауылдың су жиналатын бөлігі . Бұл жерге үй салу, ол құжатты қабылдау қандай "ақылды" адамның ойына келгенін білмеймін. Ертең азаматтарға келтірілген шығынды қайтарған кезде және құрылысты салған, оған рұқсат берген азаматтарға тиісті тергеу жүру керек деп есептеймін.


Хабарламаларға жазылу