Қираған үйлерді қалпына келтіруге қаржы бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қираған үйлерді қалпына келтіруге қаржы бөлінеді

31.03.2024

Төтенше жағдай салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінеді. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды. Бұл туралы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында штаб жетекшісі, Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту туралы министрлер мен өңір әкімдерінің есебі тыңдалды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі, республикалық штаб төрағасы:

11 мыңнан астам адам қауіпті аймақтардан эвакуацияланды. Суы тартылған аймақтардың тұрғындары үйлеріне оралып жатыр. Бірақ, көпшілігінің баспанасына баруға мүмкіндігі жоқ. Ол жақта әлі де қауіп сейілмеді. Сондықтан, қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу шарт. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс.

Хабарламаларға жазылу