Ұлыбритания Қытай азаматтарына қарсы санкция жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания Қытай азаматтарына қарсы санкция жариялады

30.03.2024

Ұлыбритания Қытай азаматтарына қарсы санкция жариялады. Қара тізімге қытайлық ғылыми-технологиялық компания да ілінді. Үкіметтегілердің пікірінше, аспан асты елінің хакерлері депуттар мен сайлаушылардың жеке деректеріне қол сұққан. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова баяндайды.

Халық қалаулылары ашулы. Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы анықтағандай Бейжің шамамен 40 миллион сайлаушының жеке дерегін қолды қылған. Британ парламентінің 4 мүшесі де киберқылмыскерлердің назарына іліккен.

Иэн Дункан Смит, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:

Қытай шұғыл түрде қауіп көзі ретінде қарастырылуы керек. Адам құқықтарын бұзып отырған елге шектеулер енгізілуі қажет.

Ұлыбританияда кибер қауіпсіздік туралы заң бар. Бұған дейін үкімет стратегиялық технологиялық секторларға құйылатын қытайлық инвестицияларды бұғаттады - Huawei компаниясын телекоммуникация желісінен ажыратты. Енді міне хакерлерге қарсы қатаң шара қолданып отыр.

Оливер Дауден, Ұлыбритания премьер-министрінің орынбасары:

 Қытайдың APT31 атты мемлекеттік топпен байланысы бар 2 жеке тұлғасына және 1 ұйымға қарсы санкциялар енгіздік. Олардың елге кіруіне тосқауыл қойылып, активтері тоқтатылады.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі наразылық білдіріп, нақты дәлел болмаса, негізсіз айыптамауға шақырды.

Линь Цзянь, Қытай СІМ өкілі:

Бұл кәдуілгі саяси айла-шарғы. Біз киберқауіпсіздік мәселелерін саясиландыруды және Қытайға қарсы біржақты санкциялар жариялауды тоқтатуға шақырамыз.

Ұлыбритания да, Қытай да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері. Санкциялар 2 ел арасындағы дипломатиялық шиеленістің ушығуына әкелуі мүмкін.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу