Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге қолдау көрсетіледі

29.03.2024

Ақтөбе облысында су кірген үйлердің саны 430-ға жетіп, 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Бүгін Әйтеке би мен Ойыл аудандарында да жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Тасқынға қарсы жұмыстарға облыс бойынша 1700 адам жұмылдырылған. Өңірге арнайы барған Премьер-Министрдің бірнші орынбасары Роман Скляр зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті ауылы. Көріп тұрсыздар, ондаған үй суға кеткен. Тұрғындар түн ортасында тек құжаттарын ғана алып үлгерген. Бұл үйлер 2017-інші жылы да қарғын судың ортасында қалған еді.

Қалаға тұтас қауіп төнбес үшін өткен түнде Ақтөбе суқоймасынан су жіберілген еді. Ол су Елек өзеніне құяды. Сондықтан, жағалауда тұратын мыңға жуық үйдің тұрғындары түні бойы көшірілді. Ұлттық ұлан сарбаздары, полицейлер, ерікті азаматтар мен волонтерлар бірлесе әрекет етті. Тіпті, қарапайым қала тұрғындары көліктерімен тұрғындарды тегін тасымалдады. Мектептерге орналасқан тұрғындарға еріктілер мен қала тұрғындары көмек көрсетіп жатыр.

Клара Қуанышева, қала тұрғыны:

Жан-жақтан халық алып келіп жатыр бәрін де. Готовый тамақ, бауырсақ, шелпекке дейн пісіріп жатыр. Біздің тілегімізді тілеп жатыр. Халыққа ризамыз, рахмет!

Дегенмен, жағдай әлі де күрделі. Қарғын су енді Ойыл ауданының халқын әбігерге салып жатыр.

Екпетал ауылын түгелдей су басқан, аудан орталығына кіре берістегі көпір бұзылған. Ал, Хромтау ауданындағы Көктөбе ауылының тұрғындары да көшірілді. Облыс орталығымен өтетін Елек, Қарғалы өзендерінің жағасындағы ондаған үйді су басты. Дегенмен, тасқыннан зардап шекен тұрғындар далада қалмайды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жағдай Премьер-Министрдің ұдайы бақылауында. Қажетті шаралар қабылданды. Үкіметтен және жергілікті атқарушы органдардан тиісті көмек көрсетіледі. Зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленеді. Жолдар да жөнделеді. «Самара-Шымкент» автожолында бұзылған көпір 3 күн ішінде жөнделеді.

Өңірге Маңғыстау облысынан 25 техника мен 220 адам көмекке келді. Ақтөбе қаласынан тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету орыны дайындалды. Қазір бұл жерге тұрғындар төсек-орын, киім-кешек пен азық-түлік жеткізіп жатыр.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу