Қытайда Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты өтті

29.03.2024

Қытайда Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты өтті. Бұл форумға екі жақтан ондаған туристік компания қатысып, бірқатар келісім жасасты.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстан өзге мемлекеттер үшін Орталық Азиядағы ең тартымды ел. Әсіресе өзінің табиғаты және салт-дәстүрімен шетелдіктерді қызықтырады. «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын» ресми түрде ашып берген Ермек Маржықпаев осылай деді. Туризм және спорт министрі қытайлықтарды Қазақстанға саяхаттайтын туристерді топ 3-ке кіргізді.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

Қытай халық республикасы 2023 жылы Қазақстанға келген туристер саны көп топ 3 елдің қатарына енді. Туризм жылының күн тәртібін бизнес режимде және тікелей әуе рейстерінің артқанын ескерсек осы жылы туристік ағымның көбеюіне сенеміз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазір екі ел арасында 32 тікелей әуе рейсі бар. Жолаушылар тасымалына 5 компания жауапты. Оның екеуі - қытайлық, үшеуі - қазақстандық. Рейстер саны биыл өсуі мүмкін. Меже туристер ағымын 300 мыңға жеткізу. «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» ашылуына арналған форумға екі жақтан ондаған туристік компания қатысып, бірқатар келісім жасады.

Қайрат Сәдуақасов, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Туризм - елге инвестор тартудың тиімді жолы. Өйткені көптеген бизнесмен кез келген елге әуелі турист ретінде барады. Біздің жылына 4 млн турист қабылдауға қауқарымыз жетеді. Елдегі қонақүйлер жыл бойы жартылай бос тұрады. Сондықтан осы саланы жақсылап қолға алатын уақыт келді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстанға қаржы құюға даяр инвесторлардың бірі – «Frankfurt messe». Көрмелер ұйымдастыратын әлемдегі ең үлкен компания өкілдері Астанада өкілдіктерін ашуды жоспарлап отыр.

Ричард Ли, «Messe Frankfurt Asia Holding» директоры:

Қазақстан қазір Орталық Азияда даму көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда тұр. Болашағы бар елге инвестиция құйғымыз келеді. Өкілдігіміз Астанада ашылып жатса, әлемдік деңгейдегі көрмелер қазақ жерінде өтеді. Бұл сөзсіз туристер ағымына оң әсер етеді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Айта кету керек, Қытайдың беделді CCTV арнасы Қазақстанның салт-дәстүрі, туристік аймақтары туралы үш бөлімнен тұратын деректі фильм түсіреді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу