Ақтөбе қаласында бір түнде мың отбасы көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласында бір түнде мың отбасы көшірілді

29.03.2024

Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Елек өзенінің деңгейі көтеріліп, түнде 1000-ға жуық үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Облыс аумағындағы 20-ға жуық елдімекенге қатынас жоқ. 150-ге жуық үй суға кеткен.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өңірде өткен түнде ауа температурасы нөлден төмен болды. Қырдан келетін судың мөлшері едәуір азайған. Алайда, қауіп сейілген жоқ. Өйткені, Ақтөбе суқоймасынан су жіберіле бастады. Бұл су Елек өзеніне құйылады.

Сондықтан жағалауда орналасқан тұрғындар көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстар түні бойы жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әскерилер мен еріктілер тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша мектептерге мың жарымға жуық адам жеткізілген.
Кеше облыстың үш ауданында да төтенше жағдай жарияланған болатын. Жағдай әсіресе, Қобда ауданында қиын.Ақтөбе қаласында және аудандарда ондаған әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары да су астында қалды. Олардың арасында мектептер мен балабақша ғимараттары да бар.

Облыс аумағындағы автожолдардың 15 учаскесін су шайған. Сондықтан, кейбір учаскелерде көліктердің жүруіне уақытша тыйым салынды. Мұғалжар, Ырғыз, Қобда, Ойыл және Әйтеке би аудандарында көпірлер бұзылды. Облыс орталығынан бөлек, алыс ауылдардың өзінде 60-қа жуық үй суға кетті. Өңірде соңғы тәуліктерде жаңбыр мен қар жауып тұр. Яғни, қырдан келетін су көлемі тағы көбеюі мүмкін.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу