Үш ай ішінде 300-ге жуық азамат өзінің атында кредит бар екенін білмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш ай ішінде 300-ге жуық азамат өзінің атында кредит бар екенін білмеген

28.03.2024

Үш айдың ішінде 300-ге жуық азамат өзінің атында кредит бар екенін білмеген. Бөтен біреудің сыртынан несие рәсімдейтіндердің жолын кесу де қиын. Мұны жәбірленушіден бөлек, ішкі істер министрлігі де, банк тарапы да растап отыр. Сонда алданған азаматтар қайтпек? Әккілердің әрекеті дәлелденбесе, қарызды кім төлейді? Алаяқтардың жолын кесудің қандай механизмі бар? Әйгерім Ердәулет баяндасын.

Былтыр ақтөбелік Болат Хайроллаұлының сыртынан бәзбіреулер 3 миллион 700 мың теңге онлайн-несие рәсімдеген. Әккілер Ұлттық банктің атын жамылып, алаяқтар атыңыздан кредит алмақшы деп хабарласқан. Біздің айтқанымызды бұлжытпай орындаңыз оларға бірге тосқауыл қоямыз деп сендірген. Осылайша барлық деректерін өз аузынан біліп, телефонына келген код-қа дейін айтқызған. Артынша, алаяқтар екеніне көзі жетіп, сан соғып қалған азамат дереу полицияға жүгінген. Содан бері әлгі әккілер табылмаған, ал банк қарызды кешіктірмей төлеуін талап еткен.

Болат Жаманқұл, жәбірленуші:

Алаяқтарға жол ашып беріп отырған сияқты да банкі, сыбайлас деп қалай айтпайсың? Ақша Өскемендегі банкоматтан шешілген дейді. Оның суреттері де бар, тіргелген кезде шықты ғой. Кескені кім екені белгісіз. Бетперде киіп, жасырып алып кетіп отыр ғой жаңағы. Екі рет сот процессі болды, жеңіліп қалып отырмыз.

Бір қызығы бұған дейін банкке қарыз ақша сұрап барған азаматқа қаржы институты кредит бермепті. Ал банк клиенттің мәселесін шешуге қауқарсызбыз, нүктесін сот қана қояды деп отыр.

Клиент алаяқтардың ықпалымен шотындағы жеке деректерді берген және жасалған барлық операция клиенттің нөміріне жіберіліп, SMS-кодтармен расталған деп есептейміз. Біз алаяқтар жасаған операцияларды даулауға тырысамыз, бірақ олар жеңіспен аяқтала бермейді. Себебі барлық жеке деректі клиенттің өзі берген болып шығады.

Болат Жаманқұл секілді жеке деректерін беріп алданғандар берешекті төлеуге мәжбүр. Тіпті Ішкі істер министрлігі мұндай қылмыстық істі ашу тым қиын екені мойындап отыр. Небәрі үш айдың ішінде арыз жазғандар саны 300-ге жеткен. Құзырлылар, банкоманттан ақша шешіп беретіндерді ұстау қиынға соқпайды, бірақ оларды жұмсап отырғандарың ісін әшерелеу оңай шаруа емес дейді.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:

Бізге сол қылмысты жасап ұйымдастырып отырғандарды ұстау уақыт алып отыр. Бірде бір қылмыс ашылмай қалды деп айта алмаймыз. Былтыр Украинадан жасалған 40 азамат ұсталды.

Ал заңгер Ғабит Өмірбек, алаяқтықтың бұл түрін заң бойынша жәбірленуші ретінде банкті тану арқылы тоқтатуға болады, - дейді. Ал алдағандар керісінше, куәгер болуы шарт екенін алға тартады.

Ғабит Өмірбек, заңгер:

Банктің өзінің дұрыс емес іс-әрекеттерінен осындай жағдай орын алады. Кейбір азаматтар офлайн өзінде айлап, жылдап 1-2 миллион несие рәсімдей алмай басы қатып жүреді. Ал бұлар бір мезетте 10-14 миллион 2-3 банктен рәсімдеп жібереді. Демек, бұл жерде сұрақ туындайды: банк қызметкерлері өздері сыбайлас емес пе деп. Егер шын мәніде банк жәбірленуші деп танылып, келтірілген залалды сақтандыру сомасын өндіретін болса, онда банк қызметкерлері, өзінің ішкі қауіпсіздігі күшейтіліп, алдағы уақытта онлайн-несие рәсімделмейтін болады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де, банк арқылы ақша шығарудың түрі көп, олардың тұзағына түсіп қалмау тек өзіңізге байланысты екенін ескертеді.

Мұхамед Бағдатұлы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы:

Мысалы, сізге банктен хабарласып тұрып, жеке сұрап жатса, онда сіз тұтқаны қойып, өзіңіз сол банкке хабарласып барлық ақпаратты қайтадан тексеріп алуларыңыз қажет. Сол себепті ол адамдардың өзіне байланысты. Ең бірінші қауіпсіздік өзіңізге кейін құзырлы органдарға байланысты деуге болады деп айтқымыз келеді.

Ішкі істер министрлігі де заңға өзгерістер керек екенін айтады. Ал заңгер Ғабит Өмірбек, банктерді жәріленуші деп тану үшін Ұлттық банк, Ішкі істер мен Цифрлық даму министрліктері бірлесіп, бір ғана құжат әзірлесе жеткілікті дейді.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу