Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

28.03.2024

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті. Қазақстан Президенті форумға қатысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдіріп, оның Бас хатшы қызметін атқарған кезде әлемдік қауымдастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.

Ал, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин шілде айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуінде белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Боао форумына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайықты шара деп санаймын. Сондықтан мен арнайы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қабылдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз.

Президент Матиас Корманмен кездесті

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев, халықаралық ұйыммен ықпалдастық орнаған уақыттан бері Қазақстан бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын айтты. Матиас Корман ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға/ бейілді екенін растады.

Матиас Корман, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы:

Қазақстан өз саясатын бізің ұйым стандарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағдарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біз бүгінде алдымызда тұрған көптеген мәселені шешу мақсатында жаһандық ынтымақтастық деңгейін көтеруге мүдделіміз.

Президент ШЫҰ бас хатшысымен кездесті

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті. Әңгімелесу барысында/ халықаралық бірлестіктің жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері қарастырылды. Президент Ұйымның «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді. Ал, Чжан Мин Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін арттыруға Қазақстан елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.


Хабарламаларға жазылу