Қостанай облысындағы су басқан аудандарда төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы су басқан аудандарда төтенше жағдай жарияланды

28.03.2024

Қостанай облысындағы Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Облыстың оңтүстігіндегі бұл елдімекендер бірнеше күннен бері қарғын судан зардап шегуде. Шамамен 450-ге жуық адам құтқарылды. Өңірге Қарағанды және Қызылорда облыстарынан құтқарушылар көмекке барды. Аймақтағы тілшіміз Дәуренбек Әбдібек баяндайды.

Бұл Жангелдин ауданындағы Көлқамыс ауылы. 40 шақты үйі бар, 300 тарта адам тұратын елдімекенді түгел су басты. Ауылды айнала 15 шақырымға дейінгі аумақ телегей теңізге айналған. Су деңгейі тез көтерілгені сонша адамдар қолдағы малды қауіпсіз жерге шығарып үлгермепті. Қазір басты мақсат адамдарды құтқару.

Мектеп суға кетті, тұрғын үйлер суға кетті. Қазір 6-7 үй ғана тұр қыр жақта. Судың деңгейі өте жоғары. Өзен тасыған жоқ әлі. Енді мынаның үстіне өзен тасыса не болатынын білмейміз. Кішкентай балалар, әйелдерді эвакуациялап жатырмыз. Жігіттер қалды ауылда.

Торғай-Ақшығанақ, Шұбалаң-Ақкөл бағыттарындағы жолдарды су шайып, қатынас үзілді. Ал Амангелді ауданының орталығында 12 үйдің ауласы мен қора-қопсысын су басты. Көршілес Үрпек ауылына да қауіп төніп тұр. Аудан орталығымен қатынас үзілген, ауыл судың қоршауында қалған.

Арқалық қаласында да қар суы жер үйлердің ауласына жайылып, ішіне де кіріп жатыр. Қалаға қарайтын Екідің және Қызылжұлдыз елді-мекендері түгел тасқынның құрсауында қалды. Жарық сөнген, байланыс үзілген, қатынас тоқтаған. Екі ауылдың және тағы бірнеше малшы қыстауындағы тұрғындар тікұшақпен қауіпсіз жерге жеткізілді. Тасқынға қарсы күреске атқауршы органдар мен төтенше жағдай қызметінің барлық күштері жұмылдырылған.

Облыс әкімі су басқан өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысының айтуынша, зардап шеккендердің бәріне мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

Арнайы құрылған комиссия бүгіннен бастап үйді үйді аралап жағдаймен танысады. Барлық келген шығынды хаттап, құжат жүзінде көрсетіп қағазға түсіреді. Мемлекет есебінен бәріңізге көмек көрсетіледі.

Әзірге қанша елді мекенді су басып, қанша үйге зақым келгені, қанша мал шығын болғаны жайлы мәлімет жоқ. Мұның бәрі тасқынның беті қайтқасын есептеледі.


Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу