БҚО-ға Маңғыстау мен Алматыдан құтқарушылар көмекке жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ға Маңғыстау мен Алматыдан құтқарушылар көмекке жіберілді

28.03.2024

Ақтөбе әуежайының жұмысы қайта жанданды. Кеше әуе айлағының ұшу жолағына қарғын су жайылып, 14 рейс кейінге шегерілген еді. Құтқарушылар күні бойы су сору жұмыстарын жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен Ақтөбе-Үшқұдық бағытындағы жол жырылып, еріген қар суы Сазды өзеніне қарай бағытталды.

Маңғыстау мен Алматыдан көмек жіберілді

Тасқынмен арпалысып жатқан Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысынан төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары көмекке жіберілді. Сондай-ақ Алматыдан Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері аттанды. Олар қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жолға шықты. Орал қаласы мен Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жариялау туралы шешім шықты. Өлеңті, Шыңғырлау, Шежін-2 өзендерінде су деңгейі көтеріліп, елдімекендерге қауіп төнді. Бөрлі-Ақсай-Жымпиты және Ақсай-Шыңғырлау тасжолдары жабылды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу