Ақтөбе облысында тасқын салдарынан екі ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Шалқар ауданының Бүйректөбе елдімекенін су басқан. Ол жерге арнайы пойыз жіберіліп, 6 адам Шалқар қаласына эвакуацияланды. Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында Жем өзенінің деңгейі көтеріліп, тұрғындарға қауіп төнген. Бұл елдімекеннен 74 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ойыл ауданының Амангелді, Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылдарына баратын көпірлер бұзылған. Облыс орталығында да жағдай мәз емес. Қазірдің өзінде 30-ға жуық үйге су кірген. Өңірде кешелі бері қар аралас жаңбыр жауып тұр.
Ал Оралда саяжайлардағы тұрғын үйлерге де су кіре бастады. Қала іргесіндегі «Венера» және «Екінші саяжай» бау-бақша серіктестігінің аумағы суға толды. Кешелі бері қарғын суға нөсер жауын қосылып, көшелерге су жиналды. Бір тәулікте шаһардан 100 мың текше метр су сорып шығарылды. Өңірде бүгін де қар аралас жаңбыр жауады, - дейді мамандар. Қазір тұрғындарды эвакуациялауға арналған 27 құрама-эвакуациялық пункт әзірленді.
Қостанай облысындағы Амангелді ауданының орталығын қырдан аққан қар суы басты. Қарғын су көшеге кілкіп, 12 үйді қоршап қалған. Бір үйдің малы қауіпсіз жерге жеткізілді. 45 адамға мектеп-интернат ішінен жатын орын дайындалған. Алайда тұрғындар эвакуациядан бас тартты. Қазір ауданда барлық күш жұмылдырылып, іргеге күл төселіп, арық қазылып суды үйлерге кіргізбеудің амалы жасалып жатыр. Суды құрғату үшін 9 мотопомпа тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Жақсыбек Кемал