Қазақстанның 10 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі осылай деді. Қазір құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Астана маңында да қауіпті аймақтар анықталды. Ақмола облысының әкімі мен төтенше жағдайлар министрі әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Қазір өңірдегі өзен арналары әлі жіби қоймаған. Ал, далада қарғын су жинала бастаған. Яғни, судың жайылып кету қаупі бар, - дейді мамандар.
Алтай Мырзабаев, ҚР ТЖМ департамент бастығының орынбасары:
Желтоқсан айында нормадан көп қар жауды. Жылдағыдан ерекше ауа райы оның біразын ерітті. Кейін күн күрт суытып жердің беті қатып қалды. Соның салдарынан қазір еріген қар топыраққа сіңбей жатыр. Осының барлығын ескере келе, министрдің тапсырмасына сай күшейтілген режимге ауыстық. Республика бойынша жағдай бақылауда.