Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 148-жиынына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 148-жиынына қатысты

26.03.2024

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық делегация Женевада өткен Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 148-ші жиынына қатысты.

Мәжіліс спикері өз сөзін Мәскеуде болған террорлық шабуылға байланысты Ресей халқына көңіл айтудан бастады. Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталып, Қазақстан мен Франция Президенттерінің бастамасымен Нью-Йоркте «One Water» саммиті өтетінін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан 2026 жылы Біріккен ұлттар ұйымы аясында өңірлік климаттық саммит өткізетінін жеткізді. Сөз соңында Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақтың төрағасы Тулия Аксонды елімізге ресми сапармен келіп, 2025 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысуға шақырды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған, әсіресе, соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялы ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан Парламенті де бұл жұмысқа белсене ат салысуда.

Алқалы жиыннан соң Мәжіліс төрағасы Берн қаласына аттанып, онда Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті.

Жүздесу барысында Ерлан Қошанов Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол шет елдік әріптестріне Президент реформалары туралы айтып берді. Мәжіліс спикері «Швейцариямен энгергетика, қазба байлықтарын қайта өңдеу, фармацевтика, машина өндіру сынды салаларда тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз»- деді.

Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Бұған қоса, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Хабарламаларға жазылу