Баланы, жалпы жастарды кітап оқуға қалай баулуға болады? Ақын-жазушылар мен сарапшылардың пайымынша, оқулыққа құштарлықты заманға сай технологиялармен бірге ұштастыру керек. Мамандар кейбір жастардың кітап оқымауының себебін айтты. Тілші тарқатсын.
Бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі - кітап құндылығының жойылып бара жатқаны. Ұлттық Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек», деп бастама көтерген болатын. Алайда, цифрлық дәуірде көпшілік әлеуметтік желідегі контентке басымдық бермек. Бұқараның пікірі соған саяды.
Жас ақын, аудармашы Алпамыс Файзолланың пайымынша, соңғы жылдары жастар арасында қылмыс көбейді. Бұған тәрбиенің осалдығы мен кітап оқуға құлшыныстың төмендігі себеп. Тығырықтан шығудың бірден бір жолы – кітап оқу. Балаларды әдебиетке үгіттеу керек. Ол үшін өскелең ұрпақ көп отыратын әлеуметтік желілерде арнайы челленджер мен флешмобтар ұйымдастырған дұрыс, - дейді.
Алпамыс Файзолла, ақын:
Президенттің сөзінше, есірткі қолдану балалар мен жасөспірімдер арасында жаппай етек алып бара жатыр екен. Балалар мен жасөспірімдер не үшін есірткіге немесе басқа да жаман әдеттерге үйір болады? Менің ойымша, ол әлбетте тәрбиенің жоқтығынан. Екінші кезекте кітап оқымағандықтан. Кітап оқыған бала ондай жаман әдеттерге жоламас еді.
Жазушы Сәуле Досжанның пайымынша, қазіргі ата-аналар бесік жырын айтудан қалды. Рухани қазынаға қызығушылық ауыз әдебиетінен басталады. Ал бұл жанр бүгінде жоқ, - дейді. Баланың құлағына бесік жырын құйып, ертегі айтылса, әр бала кітапқа құмар болып өседі, - деп ой түйді.
Сәуле Досжан, жазушы:
Ата-ана кітап оқу керек. Үйде кітапхана болуы керек. Кітап оқытудың ең жақсы жолы – ауыз әдебиетін оқыту. Баланы соған қызықтырып, кішкентайынан бесік жырын айту керек.
Ал тегін кітап клубын ашып, бұл бағытта бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Талғат Меңдібай «бүгінгі бала кітап оқымайды» деген пікірмен келіспейді.
Талғат Меңдібай, «Kitap Qurttary» кітап клубының жетекшісі:
Жалпы балалар кітап оқымайды деген нәрсемен мен келіспеймін. Барлығына кітап оқу, ол – утопия. Қазір кітапқа альтернатива көп. Үлкен қалалалрда кітап сататын компаниялар әлі күнге жұмыс істейді. Демек рентабельность бар деген сөз.
Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсыныс айтты. Оны жылда мазмұнды өткізіп, арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыру бойынша бастама көтерді. Тіпті, ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашу туралы да айтты. Енді кітапханашылар осы бағытта жұмыс істеп жатыр.