Терезеден жел гулеп, төбеден тамшы ағады. Қостанай облысындағы Сарыкөл кентінің оқушылары биылғы оқу жылын осындай жайсыз ғимаратта аяқтауға мәжбүр. Ашық-тесік мектеп қыста мүлде азынап кетеді. Балалар сабақта сырт киіммен отырады. Кейбір бөлмелерді мүлде жауып қоюға тура келген.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Шатырсыз, жайдақ жабылған мектептің төбесі шұрқ тесік. Жаңбыр жауып, қар ерісе ішке сыздықтап су ағады. Сондықтан көктем шыға төбедегі қар аршылып тасталған. Тек мынадай асты мұз боп қатқандары әлі жатыр. Өйткені мұны ойса онсыз да қырық жамау төбе тағы тесіледі.
Осылайша төбедегі мұз төменге тамшы болып тамғалы тұр. Мектеп ұжымы оның алдын алудың амалын таппай дал. Тамшыдан ең қатты зардап шегетін мектеп кітапханасы. Ылғалдан кітаптардың бүлінетіні өз алдына, су тисе электр сымдарынан өрт шығуы мүмкін. Тесілген төбе жылу да ұстамайды. Әбден шіруге айналған ағаш терезелерден жел гулейді. Соның салдарынан көктем шығып күн жылыса да, кейбір бөлмелер әлі салқын.
Артур Гаран, оқушы:
Қыста өте суық болды. Сабақта сырт киіммен отырдық. Жылу 5-10 градусқа дейін төмендейтін. Суық тиіп ауырғандар көп. Менің өзім бір апта ауырып жаттым.
Іргетасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қаланған мектепте қазір 300-ге тарта оқушы бар. Салынғанына алпыс жылдан асқан ғимарат осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген.
Светлана Заиченко, оқушының әжесі:
Күрделі жөндеу қажет. Бұл мектепте өзім де оқыдым. Кейін ұлым оқыды. Қазір ол 25-те. Осы уақыт аралығында тыңғылықты жөндеу жасалғаны есімде жоқ.
Биыл Қостанай облысында 3,6 млрд теңгеге 11 білім ордасы күрделі жөнделеді. Бірақ Сарыкөлдегі мектеп олардың қатарына кірмей қалыпты.
Мейрамғали Таипов, Облыстық білім басқармасының бас маманы:
Жобалық сметалық құжаты бар күрделі жөндеудің. Бірақ қаржы бөлінбеді.Сондықтан біз 91 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргіземіз. 40 млн шатырға, және терезесіне 51 млн.
Яғни, осынша қаржыға аумағы 2300 шаршы метрдей болатын төбені бүтіндеп, шіріген 137 ағаш терезенің орнына пластик терезелер салынады. Білім басқармасындағылар содан соң тамшы тамбайды, суық болмайды деп отыр. Ал күрделі жөндеуге қашан қаржы табылары әзір белгісіз.
Дәуренбек Әбдібек