Қостанай облысында жолды 30 жерден су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жолды 30 жерден су басты

26.03.2024

Қостанай облысының оңтүстігінде еріген қар суының салдарынан қатынас қиындады. Амангелді ауданындағы Үрпек-Қабырға бағытындағы жол ми батпаққа айналған. Соның салдарынан бүгіннен бастап Қабырға ауылымен қатынас үзіледі. Ауыл әкімі осылай деп отыр. Жангелдин ауданындағы Торғай-Ақшығанақ бағытында көтерме жолды бірнеше жерден су басқан. Алайда көлік әлі жүріп жатыр.

Ал осы аудандағы Шұбалаң-Ақкөл бағытын ағын су бірнеше жерден бұзып кеткен. Кеше Байтұрсынов ауылынан аудан орталығы - Торғайға шыққан жолаушылар 100 шақырым қашықтықты 6 сағат жүріп өткен.

Алмас Тұрматов, Торғай ауылының тұрғыны:

Су грейдердің үстімен 30-дан астам жерден жүріп жатыр. 15 шақты жерден кәдімгідей жырып кеткен. Грейдердің шетімен әрең өттік. Енді бізден кейін көлік жүреді дей алмаймын. Қатынас тоқтайды енді.

Болат Сейдахметов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Аудан әкімдігі берген ресми ақпарат бойынша Шұбалаң-Ақкөл бағытын 6 жерден су басқан. Бірақ қатынас тоқтаған жоқ, көліктер жүріп жатыр дейді. Біздің норматив бойынша егер судың биіктігі 10 см жоғары көтерілсе ғана жолды жабамыз.

Дауренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу