Экономикалық комиссияда Ұлыстың ұлы күні тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық комиссияда Ұлыстың ұлы күні тойланды

26.03.2024

Еуразиялық экономикалық комиссияда Наурыз мерекесі аталып өтті. Бірнеше елдің өкілі бір отбасының баласындай ұлттық мейрамда мәдени шара ұйымдастырды. Одан бөлек, қазақтың ұлттық дәстүрі де жаңғыртылды. 

Жер дүние жаңарып, оның сәні мен мәнін паш ететін Наурыз мерекесі Еуразиялық экономикалық комиссияда атап өтілді. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Армения өкілдері ұлық мейрамды ақ дастархан жайып қарсы алды. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деп, ізгі тілектерін айтып жатты.

Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, ЕЭК қызметкері:

Қасымызда жүрген әріптестер Беларусьтан, Ресейден, Армениядан біле бермейді, шын мәнінде. Көбі бейхабар болуы мүмкін. Халықаралық мереке ретінде оны 2019 жылы ЮНЕСКО материалдық емес мұралар тізіміне кіргізгенін, одан кейін 2016 жылы БҰҰ оны халықаралық мереке ретінде бекіткенін көбі білмейді деп ойлаймын.

Арзыбек Кожошев, ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым министрі: 

Наурыз-байырғы мерекелердің бірі. Бұл күн баршамыз үшін ерекше. Жыл басы тек жақсылығымен келсін деген ниетпен, бір бірімізге жылы лебіз білдіріп жатырмыз.

Түрлі ұлттың басы қосылған бұл күні ұлттық дәстүріміз жаңғыртылып, тұсаукесер рәсімі де өтті. Наурыз-бейбітшілік пен бауырмалдықтың мерекесі. Экономикалық комиссияда өткен шарада өнерпаздар күй күмбірлетіп, әуезді ән әуелетті.

Андрей Слепнев, ЕЭК Сауда жөніндегі министрі:

Еуразиялық экономикалық одақ Наурыз мейрамын алғаш рет атап өтіп жатыр. Бұл – көптеген халықтың мәдениетінде сақталған ежелден келе жатқан мереке. Біз ұйымымыздың ішінде бір-біріміздің мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге аса құрметпен қараймыз.

Түркі дүниесінің тұтастығы-қаны мен жаны, діні мен ділі ортақ тамыры тереңде жатқан ұлттардың бірлігі. Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесі экономикалық комиссияда да ынтымақ пен ырыстың бастауына айналды. Осылайша, береке мен бірлік үйлескен ұжымда ұйымдастырылған ізгі бастама келер жылы да жалғасын таппақ.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу