Наурыз мерекесі БҰҰ-да аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі БҰҰ-да аталып өтті

26.03.2024

Наурыз Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымында да атап өтілді. 12 елдің өкілдері қатысқан мерекелік шарада ұйымның Бас хатшысы Антонио Гуттериш видео құттықтауын жолдады. Сондай-ақ шаһарда «Наурыз ғажайыптары» балалар суреттерінің көрмесі өтіп, Қазақстан атынан 5 бала қатысты. 

БҰҰ бас штаб пәтерінде өткен меркелік шараға елімізден бөлек Түркия, Әзербайжан, Иран, Өзбекстан секілді ұзын саны 12 елдің тұрақты өкілдіктері қатысты. Өзінің видео құттықтауын жолдаған ұйымның бас хатшысы әлем үлкен сын-қатерді бастан кешіп жатқан қазіргі кезеңде диалогты, тату көршілік пен бірлікті насихаттайтын Наурыз мерекесің мәні зор екенін атап өтті.

Антонио Гуттериш, БҰҰ-ның Бас хатшысы:

Наурыз – жаңа бастамалардың мерекесі, көктем келіп, табиғаттың түлеуінің мерекесі. Ол ұрпақтар мен халықтарды, миллиондаған адамды біріктіреді. Сондықтан бәріміз наурыз рухын басшылыққа алайық. Көктем жүрегімізге адамзат бір отбасыдай жұмылып, жарқын болашаққа қарай жылжи алады деген жаңа бірлік үмітін ұялатсын.

Қазақстанның тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин халқымыз үшін мерекені тойлау мәдени жаңғыру мен ұлттық бірлікті бекемдеу амалы екеніне тоқталды. Ал Нью-Йоркте оқып жүрген студент Аманмырза Жүсіпхан Адай және Көроғлу күйлерін орындап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.

Мерекелік шара «Наурыз ғажайыптары» балалар көрмесімен жалғасты. Оған Түркі мемлекеттерінен жас қылқалам шеберлері қатысып, туындыларын таныстырды. Қазақстандық балалар жайлаудағы киіз үй, Алатау бөктеріндегі Наурыз тойы, ұлттық дастархан тақырыптарындағы суреттерін ұсынды.

Ділбар Қадырқұл, БҰҰ қызметкері:

Әрбір отбасыға бақ-береке, шаттық, бақыт, қуаныш тілеймін. Осы жаңару күні әрбірімізге ырыс- ынтымақ әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейіп, гүлдене берейік. Наурыз құтты болсын, ағайын!

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылы мерекені халықаралық күн ретінде бекітті. Содан бері Әз-Наурыз ұйымның бас штап пәтерінде тұрақты түрде аталып өтеді.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу