Әз-Наурыз мерекесі Торонтода ерекше тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әз-Наурыз мерекесі Торонтода ерекше тойланды

26.03.2024

Көктем мерекесі Канадада ерекше тойланды. Осы елде тұрып жатқан қазақтар Торонто қаласында бас қосып, Әз-Наурызды дәстүрге сай атап өтті. 

Торонта қазақтарының қауымдастығы Наурызды мейлінше дәстүрге сай етіп ұйымдастырған. Ұлттық тағамдарға толы кең дастархан, мерекенің негізгі нышаны Наурыз көже жиналған жұртқа көктемнің келгенін сезіндірсе, қазақ күйлерін орындаған жас домбырашылар мен мың бұрала билеген биші қыздар мерекенің көркін аша түсті.

Канаданың ең ірі қаласында өткен мерекеге келгендердің қатары санаулы жыл бұрынмен салыстырғанда 5 есе көп. Себебі шаһардағы қазақтардың саны ұдайы өсіп келеді. Білім қуған жастармен қатар,  қазақ диаспорасының өкілдері жетерлік.

Әлия Сыдыққызы осыдан 20 жыл бұрын Қытайдың Үрімжі қаласынан қоныс аударған. Атажұртпен байланысты үзбей, балаларың бойына қазақы болмысты сіңіру үшін мұндай жиындарды қалт жібермейді.

Әлия Сыдыққызы, Торонто қаласының тұрғыны:

Наурыз біз үшін баламызға мынау біздің дәстүр, мынау біздің мереке, біз қазақ осындай болғынбыз деп түсіндіретін үлкен бір орай деп олаймын. Сондықтан әр жылы қалмай келуге тырысамыз.

Осы жерге келіп, дәстүрімізді көріп, ән күйімізді естіп балаларда бір сезім пайда болады. Канада елшілігі де шет қалмай, мерекенің сәні болсын деп киіз үй беріп жіберген. Еріктілер оны 500 шақырым жерден ерінбей жеткізіпті. Қазақы үйді мұндағы қандастар да сағынып қалса керек. Кезекке тұрып, суретке түсіп жатыр. Мереке канадалықтарға да ерекше ұнаған секілді.

Филикс Дет, Торонто қаласының тұрғыны:

Қазақтардың Наурызды қалай тойлайтынын және ондағы салт дәстүрді алғаш рет көруім. Әсіресе қазақ қызының биі ерекше ұнады. Қазақстанда екі рет болдым. Бірақ мұндай ұлттық жөн-жоралғыларды көру мүмкін болмаған еді. Жастардың домбырада ойнағандары керемет әсер қалдырды. Ұлттық тағамдарыңыздың да дәмі тіл үйіреді.

Балалар ұлттық киім байқауына қатысса, үлкендер жағы асық атып, ләңгі теуіп ептіліктерін көрсетті. Арқан тартысып арқа жарқа болды. Білек күшін сынаудан қыз келіншектер де қалыс қалмады.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу