153 млн доллардың меморандумына қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

153 млн доллардың меморандумына қол қойылды

20.03.2024

Енді еліміз шетел тұқымына 95 пайыз тәуелді болудан құтылады. Өйткені Жамбыл облысы тұқым өндіруші алпауыт елдердің басын біріктірмек. Осы мақсатта Таразда «Kazagrozhambyl-2024» үшінші халықаралық форум-көрме өтті. Аймақ әкімдігі шетелдік компаниялармен 153 млн доллардың меморандумына қол қойды.

Халықаралық форум-көрмеге бірнеше елдің агро саласына жауапты министерлер мен 70-тен аса сарапшы келді. Үш күндік форум ауыл шаруашылығын алға сүйреу үшін тәжірибе бөлісуге бағытталған.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Форум аясында тұқым шаруашылығын және ауыл шаруашылығын дамыту сынды ең маңызды мәселелерді қозғайтын болады. Форум осы саладағы өңірдің бәсекеге қабілеттілгін арттырады мен өз басым сенемін.

Шетелдік шенеуніктер мен сақа сарапшылар сапалы тұқым өндірісіне басымдық бермек. Енді экономикалық ынтымақтастық елдерінің тұқым шаруашылығы қауымдастығы Жамбыл жерінде тәжірибе жүргізбек. Осы мақсатта Бесағаш ауылынан 231 гектар жер бөлінді. Арнайы алаңда дән егу, сұрыптау, зерттеу жұмыстары жүреді.

Йылдырай Генджер, ЭЫҰ Тұқым шаруашылығы қауымдастығының басқарма төрағасы:

Біз бауырлас елдердің форуымына 50-ден астам компанияның 100-ге жуық өкілін алып келдік. Олардың барлығының сапалы тұқым өндіруде тәжірибелері мол. Сондықтан өнім сапасын арттыру бойынша Түркия, Қазақстан секілді түркі тілдес елдер көп игілік көреді.

Бүгінде елімізде тұқымның гендік қоры жұпыны. Сондықтан шетелден келетін дәнге 95% тәуелдіміз. Ал форумның арқасында 100-ден аса тұқым түрлері тегін жеткізіледі.

Әбілқайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Егістік түрлерінің тұқымдарын бізге 5 жыл негізде тегін береді. Біз оны осында аудандастырамыз. Одан кейін аудандастырғаннан кейін соның негізінде өзіміздің жаңа тұқымдарды шығаратын боламыз.

Ал Қытай компаниялары 200 гектар алқапқа жылыжай салмақ. Қаржысы 140 млн доллар. Меморандум аясында бетондалған су жүйесі зауыты мен тамшылатып суару технологиясын өндіретін кәсіпорын бой көтермек.


Хабарламаларға жазылу