Түркістан облысында 68 мектепті қайта салу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 68 мектепті қайта салу керек

18.03.2024

Түркістан облысында 68 мектепті қайта салу керек немесе қосымша ғимарат тұрғызу қажет. Ал пайдалануға берілгеніне небәрі екі жыл болған 4 мектеп құрылыс кезіндегі кемшіліктер мен жылу жүйесіндегі ақаудың кесірінен әлі күнге дейін тапсырылмай отыр. Өңірлік тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Бұл Мақтаарал ауданындағы Шұғыла орта мектебі. Сырт көзге сырты бүтін көрінгенімен жағдайы алаңдатарлық. Ғимаратты тексерген прокурорлар бірінші қабаты балалардың өміріне қауіпті болуы мүмкін деп оқуға тыйым салған.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Мектептің бірінші ғимаратындағы сынып бөлмелерінде қазір едендері қирап жатыр. Мұғалімдер мұны жертөледегі желдеткіш құралдарының болмауынан деп түсіндіреді. Мәселен мен тұрған мына сынып бөлмесінде тұрудың өзі қиын. Себебі, еденнен түсіп кетесіз. Мұғалімдер бұл жерді жауып қобға мәжбүр болған.
Ал қабырғалары соңғы бес жылда сөгіліп, жарылып жатыр. Кей жерлердегі жарықтар үлкейіп барады деп алаңдайды мектеп әкімшілігі. Сондықтан бірінші қабатта оқуға да, жүруге де тиым салынған. Екі жүзден аса бала екінші, үшінші қабатта оқып жатыр. Ұстаздар оларды өздері жоғары қабатқа шығарып, түсіріп аламыз дейді.

Нұрбол Алтынбеков, мектеп директоры:

Ағаштан істелген полдар негізінде шіріген. Адамның аяғы, оқушылар басқан жерлер түсіп кетіп жатыр төменге. 20-30 см түсіп кеткен. Ал кафельден істелгендер жарылып, төмен түсіп кеткен. Қазіргі таңда бірінші қабатта мүлдем оқушы оқымайды. Күрес залын қазіргі таңда тоқтатып тастадық. Қосымша сабақтың бәрі өтілетін еді, оны да тоқтаттық.
Қала берді мектептің жылу құбырлары құлауға шақ тұр. Амалсыз тіреуішпен тіреп қойған. Қазір осы жағдайға байланысты аудандық прокуратура қызметкерлері арнайы мамандарды шақыртып, тексеру тағайындаған.

Саят Бекмұратов, Мақтаарал ауданы прокурорының орынбасары:

Мектептегі апатты жағдай бойынша жеке серіктестіктермен келісімшарт түзілді. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жарықтың неден пайда болғаны, қазіргі мектептің жағдайы туралы бізге анықтама береді. Сол зерттеу жұмыстарының нәтижесімен құрылыс нормаларының сақталуына құқықтық баға берілетін болады.
Жалпы, өңірде соңғы кезде салынып жатқан білім ошақтарының жағдайы өңір басшылығын да алаңдатып отыр. Кей мектептердің құырылысы аяқталмай, тоқтап қалса, енді бірі пайдалануға берілгенімен кәдеге жарамай тұр. Сала мамандарының сөзінше, мердігерлер түрлі сылтау айтып, құрылысты кешіктіреді. Кейбірі құрылыс материалдарының қымбаттауымен жұмысын тоқтатып, соттасып жатыр. Ал, сапасыз салынғандары қабылданбай тұр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

2022-ші жылдан бері тапсырылған мектепке кірмеді деген не деген масқара мынау? Ертең бұл апаттыға айналады ғой мынау кірмей ішіне, күтіп ұстамаса. Мердігерлердің кінәсі болатын болса сотқа беріңдер да, жозықсызға тығыңдар.
Аймақтағы 912 мектептептің 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Ал, 35 білім ошағы саманнан салынған. Сонымен қатар 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу