«Erkeбай» көрерменнің оң бағасын алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Erkeбай» көрерменнің оң бағасын алып жатыр

16.03.2024

«Еркебай» отбасылық комедиясы кішкентай көрермендерді күлкіге қарық қылды. Балалар экшн жанрында түсірілген фильм көңіл-күйімізді көтеріп тастағанын айтты. Сонымен бірге, шытырман оқиғаға толы туындыны достарына көруге кеңес береміз, дейді.

Сенбі күнгі демалысты асыға күткен балалар, бүгін кинотеатрда жүр. Астанадағы мектептердің бірінде білім алатын оқушылар «Еркебайдың» трейлері шыққан сәттен бастап фильмнің толық нұсқасын тамашалауға асығыпты.

Балалармен бірге тамашалауға келген ата-аналар да фильмді ұнатқан. Тәрбиелік мәні бар, бастысы, күлдіріп қана қоймай көрерменге әсіресе, ата-аналарға ой салатын тұстары көп, дейді.

Сания Алматаева, ата-ана:

Бізге қазақ тілді фильмдер өте маңызды, керек балалар үшін. Тіліміз үшін, тәрбиеміз үшін қазақ болған соң... «Еркебай» фильмі дәл сол 100 пайыз сәйкес келетін фильм екен. Өзімізге ұнады, өте әсерлі фильм.

«Еркебай» отбасылық комедиясын ақтөбелік көрермендер де ерекше қабылдады. Кинотеатрға келіп, тамашалап жатқандардың қарасы қалың.

Алғашқы көрсетілімге фильмнің актерлері де әдейілеп келіп, көрермендермен жүздесті. Әсіресе, басты рөлдегі Еркебайды сомдаған Расулды танып, қуанған бала көп. Актерлер кинозалдардың біріне фильм аяқталған бойда кіріп келген сәтте жұртшылық тіпті таң-тамаша болды. Ақтөбеліктер комедияның ұнағанын айтады.

Әмина Ғарифолла, оқушы:

Еркебай басында ата-анасын тыңдамай жүргендіктен, ата-анасын тыңдауды үйренді. Бұл жерде ұққаным – әр бала өз ата-анасын тыңдау керек. Өте керемет болды, керемет әсер алдық.

Жадыра Сқабыл, продюсер:

Ораза айы болып жатыр. Әлі каникулға шыға қойған жоқ балалар. Бірақ сонда да әр қалада кешке қарай ата-аналарымен, ата-әжелерімен отырғандары бар. Келіп, көріп, бізге баталарын беріп. Керемет, үлкен кісілердің өзі керемет көңіл күйде шығып жатыр. Балалар мүлдем мәз. Қайтадан екінші рет сеансқа кірейікші деген балалардың жылы лебізін естіп, біздің қуанышымызда шек жоқ.

Бұған дейін еліміздің 4 қаласында болған «Еркебайдың» шығармашылық ұжымы сапарларын одан әрі жалғастырмақ. Айта кетейік, 12 жастан асқан балаларға арналған отбасылық комедияны еліміздің барлық кинотеатрынан тамашалай аласыздар.

Асылбек Данияр

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу