Үкімет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

15.03.2024

Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Ташкентте бірқатар маңызды кездесулер өтті. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларды құрады. Алдағы уақытта сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру көзделген. Бұл ретте экономикалық байланыстарды нығайта түсу жайы сөз болды.

Сапар аясында Үкімет басшысын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады. Екі елдің қарым-қатынасы өзара сенім мен түсіністікке негізделген. Осылай деген тараптар бұл кездесу стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Негізгі мәселелерді пысықтау мақсатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың төрағалығымен үкіметтік деңгейдегі келіссөз өтті.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Біздің мемлекеттеріміздің басшылары құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев елдеріміз арасындағы одақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән береді. Бүгінгі кездесу біздің жоспарлы күн тәртібіміздің өзекті мәселелерін талқылауға және перспективалық бағыттарды белгілеуге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Біздің басты мақсатымыз президенттер қойған міндеттерді толық жүзеге асыру.

Жиын барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейту бойынша қолға алынған шаралар талқыланды. Өзбекстан үкіметінің басшысы екі елдің сенімді достыққа негізделген қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың нығая түсуіне оң ықпал ететінін атап өтті.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер- Министрі:

«Біздің елдеріміздің көшбасшылары екі ел арасындағы көпжоспарлы қатынастарды одан әрі кеңейту бойынша нақты міндеттер қойды. Оларды орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз»

Үкімет басшысы көлік-транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында Өзбекстанға 500 млн доллар болатын 255 тауар түрін экспорттауға дайын екенін айтты. Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Ташкенттегі өнеркәсіптік, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жоғары технологиялық лифтілер мен эскалаторлар шығаратын Texnopark-тің жұмысымен танысты. 100 гектардан астам аумаққа орналасқан кешенде 17 жоба іске асып жатыр. Үкімет басшысына жұмыс барысы таныстырылып, өнімді шығару тәсілдері туралы ақпарат ұсынылды.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу